Теміртау қаласының әкімшілік сотының "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясын Абай қаласындағы "Восточная" Орталық байыту комбинатында қоршаған ортаға шығаратын қалдық көлемін асырып жібергені үшін бюджетке 14 миллион теңгеден астам (41 мың доллардан астам) айыппұл төлеуге міндеттейтін қаулысы күшіне енді.
- 14 миллион 512 мың 578 теңге айыппұл салынды. Заң бойынша, айыппұл сот қаулысы күшіне енген күннен бастап 30 күннен кешіктірілмей ерікті түрде төленуі тиіс, - деп хабарлады соттан Азаттық тілшісіне.
20 маусым күні "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы 13 шілдеге дейін 14 миллион теңге әкімшілік айыппұл төлеуге міндеттелгенін хабарлаған. АМТ баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, компания сот қаулысына шағымданбаған. Соттың айыппұл салуына байыту фабрикасынан шығарылатын флото қалдықтар көлемінің шектік мөлшерден асып кетуі себеп болған. Компания қалдықтың көбейуін фабрикаға жеткізілетін көмір сапасының нашарлап кетуінен көреді.
Абай қаласында орналасқан "Восточная" фабрикасы Қазақстандағы ірі көмір өңдеу кәсіпорны саналады. Қазір фабрикада "АрселорМиттал Теміртау" шахталарында өндірілетін, қиын байытылатын көмір өңделеді.
ПІКІРЛЕР