Accessibility links

Өзбекстанда ұсталған АҚШ азаматы қолхатпен босатылды


Ташкент әуежайындағы полиция қызметкерлері (Көрнекі сурет).
Ташкент әуежайындағы полиция қызметкерлері (Көрнекі сурет).

Өзбекстан билігі "террорлық ұйымға қосылды және Ауғанстанда исламшыл содырлар жағында соғысты" деген күдікпен ұсталған АҚШ азаматы Зокир Әлиевті босатты.

Зокир Әлиев Азаттықтың Өзбек редакциясына 22 маусым күні босатылғанын, бірақ тергеу кезінде Өзбекстаннан кетпеу туралы қолхат жаздырып алғанын айтты. Әлиев 16 маусымда Өзбекстанның оңтүстігіндегі өзі туып-өскен Қашқадария облысының Қаршы қаласына барған соң бір сағаттан кейін ұсталған.

18 маусымда Өзбекстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Әлиевтің терроризмге қатысты күдікпен ұсталғанын хабарлаған. Тергеу Әлиев 2000 жылы "Өзбекстан ислам қозғалысы" ұйымына қосылып, Ауғанстанда ауған қауіпсіздік күштеріне және НАТО бастаған коалиция әскеріне қарсы соғысты деп күдіктенеді.

46 жастағы Зокир Әлиевтің туыстарын көрмегеніне көп жыл болған. Ол президент Шавкат Мирзияев былтыр 1991 жылдан кейін елден кеткен өзбектерді елге қайта оралуға шақырған соң туыстарына барып қайтпақ болған.

Өзбекстаннан 25 жыл бұрын кетіп қалған Әлиев АҚШ-та жекеменшік салық компаниясында жұмыс істейді.

"Өзбекстан ислам қозғалысы" террорлық ұйым деп танылып, көп елде, оның ішінде Өзбекстан, АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Канада және Ресейде қызметіне тыйым салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG