Accessibility links

Астанада аштық жариялаған үлескерлерді полиция ұстап әкетті


"Комсомол" тұрғын үй кешені жанында наразылық танытып, аштық жариялаған үлескерлер. Астана, 3 шілде 2018 жыл.
"Комсомол" тұрғын үй кешені жанында наразылық танытып, аштық жариялаған үлескерлер. Астана, 3 шілде 2018 жыл.

Астанада "Комсомол" тұрғын үй кешенін жанында пәтерлерін салып бітіруді талап етіп, аштық акциясын бастаған үлескерлерді полиция күштеп ұстап алып кетті.

Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан тұрғын үй кешенінің жанына 3 шілде күні түстен кейін бірнеше үлескер жиналып, ақшасын төлеген пәтерлері әлі салынып бітпегенін айтып шағымданған. Олар "Орда Инжиниринг" компаниясы үйлерін былтыр желтоқсанда салып бітіруі тиіс болғанын, бірақ әзірге қабырғасы ғана тұрғызылып, кейбірінің шатыры ғана жабылғанын айтады.

Үлескерлер үш-төрт шатыр тігіп, орныққаннан кейін жарты сағаттан соң ол жерге прокуратура өкілдері мен полицейлер барды. Әуелі Есіл аудандық прокурорының орынбасары Сергей Смолин үлескерлерге "қарсылық акциясын рұқсатсыз өткізіп жатқанын" ескертті. Бірақ үлескерлер өздерінің қарсылық жиынын емес өткізіп жатпағанын, аштық жариялап жатқанын, ол үшін рұқсат алу керек емесін айтты.

Бұдан соң прокурор полицейлер басшысымен аз-кем кеңесті. Сосын арнайы автобустармен келген полиция арнайы жасағы үлескерлерді күштеп көтеріп автобусқа тиеп кетті. Полицейлерге тапсырма беріп жүрген құқық қорғау органы қызметкері Азаттыққа наразыларды қалалық ішкі істер департаментіне апаратынын айтты.

Өзін Досжан Исабек деп таныстырған қалалық әкімдіктің әкімшілік құқықтық бөлімінің басшысы Азаттық тілшісіне үлескерлердің "заңсыз акция өткізгенін" айтты. Ол үлескерлер мәселесіне қатысты "Әкімдік шаралар қабылдайды, біртіндеп шешіледі. Үлескерлердің айтқанын басшылыққа жеткіземіз" деді.

Үлескерлер "Орда Инжиниринг" компаниясы үйді салып беру мерзімін созып келе жатқанын айтып, пәтерлері толық салынып бітпейінше аштық акциясын тоқатпайтынын мәлімдеген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG