Accessibility links

OPCW: Дума қаласында 7 сәуірде хлор қолданылған


Дума қаласына 7 сәуірде жасалған шабуылдан зардап шеккен балаға жәрдем көрсетіп жатыр. Шығыс Ғута аймағы, Сирия, 2018 жыл.
Дума қаласына 7 сәуірде жасалған шабуылдан зардап шеккен балаға жәрдем көрсетіп жатыр. Шығыс Ғута аймағы, Сирия, 2018 жыл.

Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым (Organisation for the Prohibition of Chemical Weapons - OPCW) Сирияның Шығыс Ғута аймағындағы Дума қаласында биыл сәуірдің 7-і күні жасалған шабуыл кезінде хлор қолданылғанын анықтаған. Халықаралық ұйымның алдын ала есебінде аталған оқиға барысында хлор негізінде жасалған түрлі химиялық зат қолданылғаны айтылған. Жүйкені жансыздандыратын заттар қолданылғанына дәлел табылмаған.

Сәуірде Дума қаласына жасалған шабуыл салдарынан ондаған тұрғын қаза тапқан. Сирия үкіметі осы шабуыл кезінде химиялық зат қолданғаны туралы айтылған айыптауларды жоққа шығарған.

2018 жылы 7 сәуірде Думаға шабуылдан соң түсірілген видео:

Думада бейбіт тұрғындарға қарсы шабуылдан кейін АҚШ, Ұлыбритания және Франция күштері Сирия үкіметінің әскери нысандарына әуеден соққы берген.

Химиялық қаруға тыйым салу ұйымына (OPCW) мүше елдер жақында осы ұйымның өкілеттігін кеңейткен. Бұдан былай OPCW химиялық қару қолдануға жауаптыларды да атап көрсете алады. Бұған дейін ұйым тыйым салынған қарудың қолданылғаны туралы деректің анықталғанын жария еткенімен, оған жауаптыларды айта алмайтын.


OPCW қазір Думаға шабуылға қатысты деректерді тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Дәрігерлердің мәліметінше, сәуірдің 7-індегі шабуыл барысында ықтимал химиялық заттың әсерінен тыныс алу мүшелері зақымданып, зардап шеккен 500-ден астам адам медициналық жәрдем көрсету орындарына жеткізілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG