Солтүстік Кореяда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Пампеоның қатысуымен осы аптада өткен келіссөздерге Пхеньянның көңілі толмайды. Солтүстік Корея мемлекеттік агенттігінің ақпаратында АҚШ-тың Солтүстік Кореядан ядролық зымыран бағдарламасын жоюға байланысты біржақты іс-шаралар жүргізуді талап етіп отырғанымен Пхеньянның келіспейтіні айтылған. Хабарламада Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тарту идеясына бұрынғысынша бейіл екендігі, бірақ "АҚШ-тың қазіргі ұстанымы бұл мақсатқа жетуге септеспейтіні" жазылған.
Осының алдында Майк Помпео Пхеньянда екі күнге жалғасқан келіссөздерді табысты өтті деп атаған. "Біз талқылаған барлық аспектілер бойынша алға жылжыдық", - деген ол Пхеньяннан Токиоға бара жатқан ұшақта өзімен бірге болған журналистерге.
Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаменті өкілі нақты мәселелерді шешумен айналысатын жұмысшы топтарын құру жайлы уағдаластық бар деп хабарлаған. Сонымен бірге, шілденің 12-і күні Пентагон өкілдері 1950 жылдары Корей соғысы кезінде қаза тапқан америкалық әскерилердің сүйектерін Отанына қайтару мәселесін талқылау үшін солтүстіккореялық ресмилермен кездеспекші.
Биыл осымен екінші рет Пхеньянға сапармен барған Помпео бұл жолы Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынмен кездеспеген деп хабарланды.
ПІКІРЛЕР