Қытай қазағы, Қазақстанға заңсыз кірді деп айып тағылған Сайрагүл Сауытбай Алматы облысының Жаркент қаласында өтіп жатқан сотта қылмысын мойындап, прокурормен процессуалдық келісім жасауды өтінді деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Бүгінгі соттың түске дейінгі бөлігінде прокурор Арзыгүл Имярова Сайрагүл Сауытбайға ресми айыптау актісін оқыған. Прокурордың сөзінше, Сайрагүл Сауытбай Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392 - бабы ("шекараны заңсыз бұзып өту") бойынша айыпты деп танылған. Қазақстан заңы бойынша, ол айыпты деп танылса елден шығарылады.
Сот тергеуі кезінде Сайрагүл Сауытбай өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын айтқан. Ол өзіне Қытайда "саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын" мәлімдеген. Сауытбайдың сөзінше, ол Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істеген, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген.
Судья Динара Құйқабаева Сайрагүл Сауытбайдың өтініше байланысты сот отырысын шілденің 23-іне қалдырды.
Бүгінгі сотқа Алматыдағы Қытай консулдығының өкілдері де келді. Консулдық өкілдері соттан кейін журналистер мен белсенділердің сауалдарына жауап берместен кетіп қалды.
Мамырдың ортасында Алматы облысының тұрғыны Уәли Сіләм әйелі Сайрагүл Сауытбайды Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті деген айыппен ұстап алып кеткенін хабарлаған.
ПІКІРЛЕР