АҚШ бас прокурорының орынбасары Род Розенстайн Үлкен жюри Құрама Штаттар президенті сайлауына араласу ісі бойынша Ресейдің Бас барлау басқармасының (ГРУ) 12 қызметкеріне айып тағу туралы шешім қабылдағанын жариялады. Прокурордың сөзінше, оларға құжаттар ұрлау және кейін жариялау мақсатымен кибершабуылдар ұйымдастырған деген айып тағылған.
АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллердің өкілдері жариялаған айыптау қорытындысында айып тағылған ресейліктердің аты-жөні келтірілген: Виктор Нитыкшо, Борис Антонов, Дмитрий Бадин, Иван Ермаков, Алексей Лукашев, Сергей Моргачев, Николай Козачек, Павел Ершов, Артем Малышев, Александр Осадчук, Алексей Потемкин және Анатолий Ковалев. Мюллердің деректері бойынша, бұл адамдар ГРУ-дың №26165 және №74455 бөлімдерінде офицер болып қызмет атқарған.
АҚШ прокуратурасының мәліметінше, 2016 жылы ГРУ өкілдері АҚШ демократиялық партиясынан президенттікке ұсынылған кандидат Хиллари Клинтонның штабының қызметкерлері мен еріктілеріне тиесілі компьютерлерге бұзып кіру мақсатын көздейтін арнайы операция бастаған. Ресей арнайы қызметінің өкілдері штаб қызметкерлерінің көбінің аты-жөні мен парольдерін қолға түсіріп, көпшілігінің электрондық пошта жәшіктеріне кіру мүмкіндігіне ие болған. Олар сонымен бірге АҚШ Ұлттық демократиялық комитеті мен Демократиялық партиясы конгресінің сайлау жөніндегі комитетінің ішкі компьютерлік желісін бұзып кірген.
Розенстайннің сөзінше, АҚШ құқық органдары саяси мақсатты емес, заң үстемдігін басшылыққа алған. Заң үстемдігі дегеніміз – ең алдымен процедуралар дейді бас прокурордың орынбасары. Арнайы прокурор Роберт Мюллердің жетекшілігімен тергеу жүргізіп жатқандар дәл осылайша іс-әрекет етіп жатыр деген Розенстайн.
Ресейдің АҚШ сайлауына араласқаны жайлы айыптауларды Кремль бұған дейін бірнеше рет үзілді-кесілді жоққа шығарған. 2016 жылғы сайлауда АҚШ президенті болып сайланған Дональд Трамп Америка сайлауына Мәскеудің ықпал етуге тырысып бірнеше рет араласпақшы болғаны туралы АҚШ арнайы қызметтерінің қорытындыларына күмәні барын бұған дейін бірнеше рет айтқан.
Вашингтонда журналистер алдында сөйлеген сөзінде Розенстайн президент Трамптың ресейлік ГРУ-дың 12 қызметкеріне тағылған айыптар және тергеу қорытындысы туралы хабардар екенін мәлімдеген. Трамп осы жолы Еуропаға сапармен шығар алдында бұл жайтты оған ресми түрде жеткізген.
Қазір президент Трамп Ұлыбританияда жүр. Шілденің 16-сы күні ол Хельсинкиде Ресей президенті Владимир Путинмен кездеспек.
ПІКІРЛЕР