18 шілдеде Астанадағы Жоғарғы сотта "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамы мен осы компанияның жұмысшылары арасында сот отырысы өтті. Жоғарғы сот компанияның шағымын қанағаттандырды. Бұған дейін Ақтөбе қалалық соты мен облыстық соты жұмысшылар шағымын қанағаттандырған.
2016 жылға дейін "СНПС-Ақтөбемұнайгаз " акционерлік қоғамына қарасты мұнайшылар 1992 жылы қабылданған "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы заңға" сәйкес жалақыларына қосымша 50 пайыздық үстеме алып келген.
2016 жылдың желтоқсан айында компания басшылығы №725 бұйрығымен үстемақы беруді тоқтатқан. "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" экологиялық апат аймағында тұрғанымен одан тыс жерде жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақсына 50 пайыз емес, 20 пайыз үстеме қосатын болған. Компания Қазақстан Еңбек Кодексінің сүйенгендерін айтқан.
Бұл шешіммен келіспеген компанияның үш тұрғыны сотқа жүгінген. Бірінші Ақтөбе қалалық соты, одан соң Ақтөбе облыстық соты шешімді жұмысшылар пайдасына шешіп, 50 пайыздық үстемақыны төлеуге міндеттеген. Шешіммен келіспеген "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясы Жоғарғы сотқа шағымданған.
Жоғарғы сот судьясы Ербол Исмаилов Ақтөбе қалалық және облыстық соттарының шешімін ішінара бұзды. Жоғарғы сот шешіміне сай, енді компания Арал экологиялық апат аймағында тұратын, бірақ басқа өңірде жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысына 50 пайыз үстемақының орнына 20 пайыз төлеуге міндетті.
Жұмысшылардың адвокаты Сеул Хон мен жұмысшылар атынан сотқа тыңдаушы ретінде қатысқан Шамиль Тоқотулин Азаттық тілшісіне бұдан әрі қандай әрекет жасайтындарын ақылдасып шешетіндерін айтты.
"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" жұмысшылары 2017 жылы бірнеше рет Ақтөбе қаласына жиналып, экологиялық өтем төлеуді талап еткен.
ПІКІРЛЕР