Шілденің 22-сі күні Кабул әуежайында қалың топтың арасында жанкешті өзін жарып жіберді. Жарылыс Ауғанстан вице-президенті генерал Абдул Рашид Дустум мінген кортеж әуежайдан шығып кеткен соң болды. Достум бір жыл Түркияда бой тасалап, 22 шілде күні кешке елге оралған.
Reuters агенттігінің мәліметіне қарағанда, жарылыстан 14 адам қаза тауып, 50-ден астамы жараланған. Генерал Дустумның өзі зардап шекпеген. Жаралылар арасында бейбіт тұрғындар мен балалар да бар. Шабуылды әзірге ешкім мойнына алмады.
Генерал Дустум былтыр мамыр айында саяси қарсыласы Ахмад Ишчиді ұрлап әкетіп, азаптау оқиғасына қатысы бар деген күдікке ілінген соң елден қашып кеткен. Бірақ Абдул Рашид Дустумға қарсы ресми айып тағылмады.
Генералды Анкарадан арнайы үкімет ұшағы елге алып келді. Оны ресми делегация мен жақтастары күтіп алды. Ол енді өзінің вице-президент қызметіне қайта кірісуі мүмкін.
ПІКІРЛЕР