Астаналық құқық қорғаушылар мен белсенділер адвокат Бауыржан Азановты қолдап қол жинап жатыр. Осы аптада адвокатқа биылғы көктемде қазіргі Түркістан облысы Абай ауданында зорланған жеті жасар баланың құқығын қорғау барысында "тексерілмеген, жалған ақпарат таратты" деген айып тағылып, полиция шақырған.
Құқық қорғаушы Диана Окремованың айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Бас прокурордың атына арналған үндеуге астаналықтар қол қойып жатыр. Үндеуді қолдағандардың дені - қала тұрғындары мен белсенділер.
Адвокатты қолдап қол жинаушылардың сөзінше, "Азанов зардап шеккен балаға өз қаржысына, тегін қызмет көрсеткен. Азаматтық белсенділігі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды".
Адвокатты қолдап алматылық белсенділер де қол жинап жатыр. Екі қала белсенділері үндеуді бірігіп жолдамақ.
Адвокат Бауыржан Азановқа Қылмыстық кодекстің "Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша айып тағылған.
Биыл 13 наурыз күні Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова Азаттыққа жеті жастағы жиенін былтыр тамыздан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағаны" туралы жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын айтқан. Бұл хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырып, қатты талқылауға ұласқан.
ПІКІРЛЕР