Accessibility links

Адвокат: ҰҚШҰ бас хатшысын сот кепілге босатты


Юрий Хачатуров Армения арнайы тергеу қызметіне жауап беруге келді. Ереван, 26 шілде 2018 жыл.
Юрий Хачатуров Армения арнайы тергеу қызметіне жауап беруге келді. Ереван, 26 шілде 2018 жыл.

Жұма күні Ереван соты Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ-ОДКБ) бас хатшысы Юрий Хачатуровты 5 миллион драм (шамамен 10400 доллар) ақшаға кепілге босату туралы шешім шығарған. Бұл туралы оның адвокаты Мигран Погосян айтты деп хабарлайды Азаттықтың Армян қызметі.

"Дәл қазір туыстары мен достары ақша жинап жатыр", - деген адвокат. Ол ақша толық төленгенге дейін Хачатуровты тұтқындау туралы сот шешімі күшінде болатынын айтқан.

Юрий Хачатуровқа Арменияда 2008 жылғы наурыздың 1-і күні болған оқиғалар бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында "Өзге адамдармен алдын ала жасырын сөз байласу арқылы конституциялық құрылысты күйрету" қылмысына қатысты айып тағылған. Дәл осындай айып Арменияның экс-президенті Роберт Кочарян мен бұрынғы қорғаныс министрі Микаэль Арутюнянға тағылған.

Бұған дейін сот Роберт Кочарян мен іздеу жарияланған Микаэль Арутюнянды (сырттай) тұтқындауға шешім шығарған.


2008 жылы Армения президенті сайлауында Серж Саргсянның жеңіске жеткені туралы ресми қорытындымен келіспей наразылық шеруіне шыққан азаматтар мен билік күштері арасында қақтығыс болып, салдарынан 10 адам өлген, екі жүзге жуық адам жараланған. Оқиғаның толық мән-жайы әлі күнге дейін анықталған жоқ.

Сол қанды оқиғалар кезінде Ереван әскери гарнизоны басшысы болған Юрий Хачатуров 2008 жылы сәуірде Армения қарулы күштері штабының бастығы, қорғаныс министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалған. Ол 2017 жылғы сәуірдің 14-інен бастап Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ-ОДКБ) бас хатшысы қызметін атқарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG