Шымкентте сот орындаушылары Төле би көшесінің бойында орналасқан Орталық Қырғы базарының алдындағы дүңгіршектерді бұзып, сүре бастады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Сот орындаушылары сауда орындарын әзірге қолмен бұзып жатыр. Саудагерлер сот орындаушыларына қарсылық танытып жатыр. Базарды полиция қоршап тұр. Бұған дейін сот орындаушылары саудагерлерге дүңгіршектерден тауарларын алып кетуге бір сағат уақыт беріп, сүруге қарсылық көрсетсе бес тәулікке әкімшілік қамауға алынатынын немесе айыппұл салынатынын ескерткен.
Сатушылардың айтуынша, шілденің 28-і күні сот орындаушылары өздерін сауда орындары мен дүңгіршектерін бұзу туралы сот шешімімен таныстырып, екі күнде орындарын босатуды талап еткен. Олар Түркістан облыстық соты 27 шілде күні 34 дүңгіршекті бұзу туралы шешім шығарғанын айтады. Сот дүңгіршектерді "заңсыз салынған" деп тапқан. Ал дүңгіршектер орналасқан жердің өзін мемлекетке қайтару туралы сот шешімі 2015 жылы шыққан.
Кешеден бері сауда орындарын қорып жүрген саудагерлер кеше түнде дүңгіршектерде түнеп шықты.
Саудагер Алтынай Нарымбетова бұған дейін Азаттыққа екі күнде басқа жақтан орын тауып, дүңгіршектерін босата алмайтындарын айтқан. Олар билік орындары өздеріне екі ай уақыт берсе, сатушылар базардан өз еркімен кетуге дайын екенін жеткізді. Прокурорлар саудагерлерге базардың ішінен орын тауып беруді ұсынғанымен, сатушылар базарда сауда болмайды деп, көшуден бас тартып отыр.
ПІКІРЛЕР