Еуропа Одағы (ЕО) Қырым түбегін Ресейдің оңтүстігімен жалғайтын Керчь көпірін салуға қатысқан ресейлік алты ұйымға санкция салды.
ЕО-ның ресми құжатында "Мостотрест", Стройгазмонтаж" компаниялары, "Институт Гипростроймост - Санкт-Петербург", "Судостроительный завод "Залив", "Стройгазмонтаж - Мост" және "ВАД" акционерлік қоғамы аталады. Алғашқы екі компанияға бұған дейін АҚШ санкция салған.
Еуропа Одағының ресейлік компанияларға санкция салуға шешім қабылдағаны туралы өткен аптада белгілі болған. Енді алты компанияның акциялары бұғатталып, 19 километрлік көпірді салған мекемелер мен тұлғаларға виза беруге тыйым салынады.
ЕО билігінің пікірінше, Ресейдің Қырым түбегінде көпір салуы Украинаның аумақтық тұтастығына нұқсан келтіреді.
Құны 3,7 миллиард доллар болатын Керчь көпірінің құрылысы 2016 жылы басталып, биыл мамыр айында ашылған. Оның бас мердігері – "Стройгазмонтаж" компаниясының басшысы, ресейлік миллиардер, Путиннің жақын досы деп саналатын Аркадий Ротенберг.
ПІКІРЛЕР