Иран билігі Тәжікстан елшісі Нематулло Эмомзоданы Сыртқы істер министрлігіне (СІМ) шақыртып, наразылық нотасын тапсырды.
Иран сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бахром Косими Тәжікстан билігінің Даңғарадағы шетелдік туристерге жасалған шабуылда "Иранның ізі жатыр" деген мәлімдемесіне қатысты наразылық нотасы жолданғанын мәлімдеді. Иран Тәжікстан билігінің мәлімдемесін негізсіз деп атады.
"Тегеран Тәжікстанда кінәсіз шетелдік туристерге жасалған шабуыл адам төзгізсіз акт деп есептейді әрі аймақта бейбітшілікті сақтау мақсатында терроризммен күрестегі тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз" делінген Иран СІМ мәлімдемесінде.
Шілденің 29-ы күні Тәжікстанның Хатлон облысы Даңғара ауданында велосипедпен саяхаттап жүрген шетелдік туристерді белгісіз біреулер көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Шабуыл салдарынан АҚШ-тың екі азаматы, бір голландиялық және Швейцарияның бір азаматы қаза тапты. Тағы бірнеше шетелдік жараланып, ауруханаға жеткізілді. Тәжікстан билігі туристерге шабуыл жасағандар оларды қаққан соң пышақтағанын айтып, қастандықты террорлық акт болуы мүмкін деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР