Accessibility links

Ақтауда Каспийде төтенше жағдайдың алдын алу жаттығуы басталды


Каспий маңы елдеріндегі төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі халықаралық оқу-жаттығу алдында өткен баспасөз конференциясында Қазақстан мен Ресейдің төтенше жағдай ведомстволары өкілдері сөйлесіп тұр. Ақтау, 2 тамыз 2018 жыл.
Каспий маңы елдеріндегі төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі халықаралық оқу-жаттығу алдында өткен баспасөз конференциясында Қазақстан мен Ресейдің төтенше жағдай ведомстволары өкілдері сөйлесіп тұр. Ақтау, 2 тамыз 2018 жыл.

Тамыздың 2-сінде Ақтауда Каспий маңы елдерінің теңіздегі және шекарааралық тұстағы болуы мүмкін қауіпті табиғи және техногенді апаттардың алдын алу жөніндегі халықаралық кешенді оқу жаттығулары басталды. Оған Қазақстаннан бөлек Ресей, Әзербайжан және Түркіменстанның төтенше жағдайдағы құтқару қызметтері қатысып жатыр.

Тек Каспиий маңындағы тағы бір мемлекет - Иран биыл бұл шараға қатыспайды. Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, оған Иранның "ішкі саяси жағдайындағы әлдібір шешімі" себеп болып отыр. "Бірақ келесі жылы қатысатындарына сенімдімін", -деді ол Азаттыққа Иран туралы.

Оқу-жаттығудың алғашқы күні әр елден келген командалар Ақтау теңіз портында жиналды. Қазақстан тарабы құтқару саласындағы жаңа техникалардың көрсетілетінін айтқанымен, министр орынбасары журналистермен кездесуде тек судан құтқаруға арналған жаңа катерлер жайлы ғана айтты.

Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі іс-қимылдар әзірлігі мен өрт сөндіру күзеті департаментінің директоры Максим Максименко Ресейден МИ-8 тікұшағы, екі құтқару көлігімен бірге 30 адам келгенін айтты.

- Біз тек егер сіздердің елдеріңізде қауіпті жағдай бола қалғанда тез арада көмек көрсете алатын шекара маңы күштерін ғана әкелдік. Қажет жағдайда бір тәулік ішінде бүкіл Ресейден жүздеген адам мен техника келе алады және біз әмбебап көмек көрсете аламыз, - деді ол.

"Теңіз -2018" халықаралық төтенше жағдайлардан құтқару оқу- жаттығулары ертең Түпқараған ауданындағы Баутино портында жалғасады. Бағдарламаға сәйкес, 3 тамызда қазақстандық төтенше жағдай қызметі ресейлік топпен бірге шартты "қауіпті химиялық объектідегі өрттен" адамдарды құтқарып, өртті сөндіру әдістерін пысықтайды. Бұдан соң әзербайжандық құрылымдармен қосылып "мұнай бұрғысындағы бұрқақты", ал Түркіменстаннан келген командамен бірлесіп "суға кеткендерді" құтқару машығын жетілдіреді.

Халықаралық оқу-жаттығуға барлығы 500-ден астам қызметкер мен шамамен 75 арнайы техника, БЕ-200 ұшағы, алты тікұшақ, сонымен қатар төрт теңіз кемесі мен жеті құтқару қайықтары қатысып жатыр.

2014 жылы қыркүйекте Ресейдің Астрахан қаласында Каспий теңізіндегі төтенше жағдайларды болдырмау және оның алдын алу жөніндегі әріптестік туралы келісім жасалған. Каспий теңізіндегі табиғи және техногендік апаттар мәселелерін реттеуге арналған бұл келісімге Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан мен Иран қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG