Accessibility links

Ресей: АҚШ-тың Скрипаль ісі бойынша санкция салуы - қатыгездік


Вашингтондағы Ресей елшілігі (Көрнекі сурет).
Вашингтондағы Ресей елшілігі (Көрнекі сурет).

Вашингтондағы Ресей елшілігі АҚШ-тың Ресейге Ұлыбританияда ресейлік бұрынғы тыңшы Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальдің улануына байланысты санкция салуын "қатыгездік" деп бағалады.

Елшілік таратқан мәлімдемесінде "Мәскеу Сергей Скрипаль мен оның қызын СССр тұсында дайындалған әскери "Новичок" уымен улады" деген тұжырымды "ойдан шығарылған" деп, Вашингтон да, Ұлыбритания билігі де бұған дәлелін көрсетпегенін айтады.

Елшілік Ресей АҚШ Мемлекеттік департаментіне Скрипаль ісіне қатысты ұстанымын білдіргенін және Солсбериде жасалған қылмысты шынайы тергеуге, кінәлілерді жауапқа тартуға шақырғанын мәлімдеді.

"Біз осы мәселе бойынша ұстанымызды жариялауға шақырдық" делінген елшілік мәлімдемесінде.

АҚШ мемлекеттік департаменті 8 тамызда Скрипаль ісіне қатысты Ресейге санкция салатынын, оның 22 тамыздан бастап күшіне енетінін мәлімдеген. Ол бойынша, Ресейге ұлттық қауіпсіздік саласында қолданылатын тауарлар, оның ішінде авиацияда қолданылатын электрондық құрылғыларды экспорттауға тыйым салынады.

Егер Мәскеу үш ай ішінде химиялық қару қолданбайтынына кепілдік бермесе және халықаралық инспекторларды тексеруге жібермесе, онда қосымша санкция салынбақ. Санкцияның екінші кезеңінде "Аэрофлот" компаниясының АҚШ-қа ұшуына тыйым салу және екіжақты сауда-саттық көлемін барынша азайту көзделіп отыр.

АҚШ-та 1991 жылы қабылданған химиялық және биологиялық қару туралы заң бойынша, Вашингтон қандай да бір биологиялық немесе химиялық қару қолданған елге шектеу шараларын қолданады.

2018 жылы 4 наурызда Сергей Скрипаль мен Юлия Скрипаль Солсбериде саябақта ес-түссіз күйінде табылып, ауруханаға түскен. Ауруханада ұзақ уақыт емделіп шыққан соң олар күзетке алынған. Ұлыбритания билігі қазір олардың қайда екенін айтпайды.

Лондон Скрипальдердің СССР тұсында жасалған әскери "Новичок" уынан уланғанын айтып, оны Ресей қолданды деп біледі. Мәскеу Скрипальдерді улауға қатысы барын жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG