Accessibility links

Медведев: АҚШ-тың жаңа санкциясы - экономикалық соғыс ашу


Дмитрий Медведев, Ресей премьер-министрі.
Дмитрий Медведев, Ресей премьер-министрі.

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Мәскеу Вашингтонның Ресейге қарсы санкциясын күшейтуін экономикалық соғыс жариялау деп бағалайтынын мәлімдеді. ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Медведев бұл туралы Кроноцкий мемлекеттік қорығының қызметкерлерімен кездесуінде айтты.

"Егер банктер қызметіне немесе қандай да бір шетел валютасын қолдануға тыйым салынса, онда оны экономикалық соғыс деп тура айтуға болады. Бұл соғысқа экономикалық, саяси, қажет болса басқа да әдістермен жауап қайтару қажет болмақ" деді Медведев.

Қолданыстағы санкциялар туралы айтқан Ресей премьері шектеу шаралары ел экономикасына әсер етіп отырғанын мойындады. Медведевтің сөзінше, санкция "Ресейді халықаралық аренадағы мықты бәсекелес қатарынан ысырып тастау үшін" енгізіліп отыр.

АҚШ-тың Ресейге салатын жаңа санкциясы 22 тамызда күшіне енеді. Вашингтон оны Ұлыбританияда ресейлік бұрынғы агент Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальдің улануына байланысты салып отыр. Вашингтон Ресей Ұлыбританияда Скрипальдерді улау үшін әскери "Новичок" уын қолданып, халықаралық құқықты бұзғанын мәлімдеді. Жаңа санкцияда Ресейге ұлттық қауіпсіздік саласында, оның ішінде авиацияда қолданылатын электрондық құрылғыларды экспорттауға тыйым салу қарастырылған. Санкция туралы хабарланған соң Ресей рублі күрт арзандады.

Егер Мәскеу үш ай ішінде химиялық қару қолданбайтынына кепілдік бермесе және халықаралық инспекторларды тексеруге жібермесе, онда қосымша санкция салынбақ. Санкцияның екінші кезеңінде "Аэрофлот" компаниясының АҚШ-қа ұшуына тыйым салу және екіжақты сауда-саттық көлемін барынша азайту көзделіп отыр.

АҚШ-та 1991 жылы қабылданған химиялық және биологиялық қару туралы заң бойынша, Вашингтон қандай да бір биологиялық немесе химиялық қару қолданған елге шектеу шараларын қолданады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG