Ақтөбеде аялдама павильоны құлап, төрт адам зардап шекті. Ресми ақпаратқа сәйкес зардап шегушілердің бірінің омыртқасы сынған. Оқыс оқиға туралы сейсенбіде мәлімдеме жасаған Ақтөбе қалалық әкімдігі аялдама маңында жол жөндеу жұмыстарының толық аяқталмағанын, нысанның әлі тапсырылмағанын мәлімдеді.
13 тамыз кешкісін Мәншүк Мәметова көшесінің бойындағы, KeruenSity сауда орталығына қарсы бетте тұрған жаңа аялдама қатты желден жолаушылардың үстіне құлап түскен. Аялдама павильонынан шығып үлгермеген екі әйел мен екі бала зардап шеккен. Зардап шегуші балалар мен әйел адамға алғашқы медициналық жәрдем көрсетілген. Ал 49 жастағы қала тұрғыны Сәния Сафина Ақтөбедегі теміржол ауруханасының травматология бөлімшесіне жеткізілген. Кіші ұлын сыртқа итеріп үлгерген әйел басы жараланып, омыртқасы екі жерден сынғанын айтты.
Құзырлы органдар құлаған павильонды орнынан алып тастаған. 14 тамыз күні Ақтөбеде жаңбыр жауып, оқиға болған жерде автобус күтушілер ашық аспан астында тұрды. Қалалық әкімдік бірнеше адам зардап шеккен оқыс оқиғаның себеп-салдарын тексеріп жатқандарын хабарлады.
ПІКІРЛЕР