Бішкек пен Ташкент Қырғызстанның Өзбекстандағы Барак эксклавын екі ел шекарасындағы эксклавқа пара-пар жермен алмастыру жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде Қырғызстан үкіметінің Ош облысындағы өкілі Байыш Юсупов мәлімдеді.
7 тамызда Ферғанада шекараны бөлісуге байланысты екі ел үкіметі өкілдерінен құралған жұмыс тобының кезекті кездесуі өткен. Онда негізінен қырғыздың Барак эксклавын өзбек жерімен алмастыру мәселесі талқыланған.
Қырғызстан өкілі Байыш Юсупов бұл мәселе бойынша екі тарап әлі нақты шешімге келмегенін айтты.
Барак эксклавының көлемі - 230 гектар, ауылда 75 қырғыз азаматы тұрады. Жергілікті тұрғындар көп жылдан бері шекарадан өту кезінде қиындықтарға тап болып жүр. Қырғызстан үкіметі бұл жерге гуманитарлық көмек жіберіп тұрады.
2017 жылы Қырғызстан мен Өзбекстан 1 мың 378 шақырымға жететін шекара сызығының 1 мың 170 шақырымы бойынша келісімге келген. Қалған 208 шақырым бойынша 2017 жылдың соңына дейін нүкте қойылу керек болған. Бірақ жұмыс әлі аяқталмады.
7 тамызда Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Ферғана облысы мен Қырғызстанның Баткен облысының ортасында орналасқан Шахимардан және Газнов ауылдарын бөлу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген. Шахимардан - Қырғызстан аумағында орналасқан екі өзбек эксклавының бірі.
ПІКІРЛЕР