Кабулда оқу орталығында жанкешті жарылыс жасап, кем дегенде 48 адам қаза тапты, 67 адам жараланды. Жергілікті биліктің хабарлауынша, шабуыл 15 тамыз күні негізінен шииттер тұратын Дашт-и-Барчи ауданында болды. Полиция жанкешті оқу орталығы кеңсесіне ол жерде сабақ жүріп жатқан кезде кіріп, денесіне таңып алған бомбасын жарғанын мәлімдеді. Құрбан болғандардың көбі - емтиханға дайындалып жатқан жас жеткіншектер мен қыздар.
Әзірге ешбір топ жарылысты мойнына алмады. Соңғы апталарда Ауғанстанда бірнеше рет шабуыл ұйымдастырған "Талибан" қозғалысы бұл жарылысқа қатысы барын терістеді.
Жергілікті шиит дінбасыларының өкілі Джавад Гхавари бұл қанды оқиғаға бұған дейін мешіттерде, мектептер мен мәдени орталықтарда осыған ұқсас шабуылдар жасаған "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымын айыптады. Оның сөзінше, соңғы екі жылда Кабулдағы шииттерге 13 рет шабуыл жасалған.
ПІКІРЛЕР