Өзбекстан бас прокуратурасы ел премьер-министрі Абдулла Арипов көлік апатына ұшырап, "жеңіл жарақатпен ауруханаға жеткізілгенін" хабарлады.
Бас прокуратура таратқан ақпаратқа қарағанда, 20 тамыз күні Қарасу – Бука – Бекабад тас жолының 92 шақырымында Damas маркалы көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы жолға шығып кетіп, Mercedes-Benz маркалы көлікті соққан.
Апат салдарынан Mercedes-Benz көлігінде отырған Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов жеңіл жараланған, ал оның орынбасары Алишер Султановтың жамбас сүйегі мен қабырғасы сынған және басы зақымданған.
Бұдан бөлек, президент аппаратының жауапты қызметкері мен көлік жүргізушісі де жараланған.
Прокуратура Damas көлігінің жүргізушісі де жараланғанын, премьер-министрден басқа зардап шеккендердің барлығы ауруханада емделіп жатқанын айтады.
ПІКІРЛЕР