Индонезияда өтіп жатқан Азия ойындарында өзбекстандық 43 жастағы Оксана Чусовитина спорттық гимнастиканың қол тіреп секіру жаттығуында (vault) күміс жүлдеге ие болды. Алтынды 16 жастағы Се Джинг Е (Оңтүстік Корея) иеленді.
Чусовитина Өзбекстанда дүниеге келген. 1992 жылғы Барселона олимпиадасының чемионы. 1991 жылғы әлем чемпионы атанған. 2002-2006 жылдары Германия құрамасының атынан жарыстарға қатысса, 2007 жылы Өзбекстанға қайта оралған.
Қазір Өзбекстан құрамасы 4 алтын, 7 күміс, 8 қоламен жалпы есепте 8-орында келеді. Ал Қазақстан 2 алтын, 6 күміс, 17 қоламен 12-орында тұр.
23 тамызда Қазақстан велоспортшысы Алексей Луценко Азия ойындарының чемпионы атанды. Таэквондодан Ерасыл Қайырбек 68 келіде қола медаль иеленсе, академиялық ескек есуде әйелдер арасындағы жекелей жарыста Александра Опачанова үшінші орын алды.
Азия ойындарына 440 қазақстандық спортшы қатысып жатыр. Жарыстан хабар тарату үшін Азаттық тілшісі Джакартаға аттанған. Азиаданың барлық жаңалығын Азаттық сайтының арнайы парақшасынан оқи аласыздар. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.
ПІКІРЛЕР