Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 24 тамызда Түркіменстанда осы ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Түркіменбашы қаласында өткен кездесуде екі ел басшылары транспорт-транзит саласындағы ынтымақтастықты дамыту және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев екі ел басшыларының тұрақты түрде кездесіп тұруы "екі елдің де стратегиялық әріптестікті одан ары нығайтуға мүдделі екенін көрсететінін" айтты.
Гурбангулы Бердімұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевтың Арал теңізін құтқару халықаралық қорын құрушы елдер басшыларының саммитіне қатысуға шақырғанын қабыл алғанына алғыс білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркіменстанға бүгін түске дейін барған. 24 тамыз күні Түркіменбашы қаласында Арал теңізін құтқару халықаралық қорын құрушы елдер - Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан президенттері саммит өткізеді.
Саммитте ғаламдық климат жылынып жатқан кезде Арал теңізінің экологиясын жақсарту жөніндегі бірлескен бағдарлама таныстырылып, ортақ құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.
ПІКІРЛЕР