Италияның адам құқықтары жөніндегі федерациясының президенті Антонио Станго, Швейцария парламентінің депутаттары Клод Бегле мен Карло Соммаруга және Tribune de Geneve басылымының тілшісі Патрик Чуард Қазақстанның бірқатар ведомство басшыларымен кездесті. Бұл туралы тамыздың 24-і кешкілік Антонио Станго хабарлады.
Құқық қорғаушылар Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, елдің адам құқықтары бойынша омбудсмені Асқар Шакиров, жемқорлыққа қарсы күресі ұлттық бюросының тергеу департаментінің басшысы Сергей Перов, қылмыстық атқару жүйесі комитетінің басшысы Азамат Базылбеков және бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі өкілдерімен кездескен.
- Қазақстандағы адам құқықтарының сақталуына байланысты алаңдаушылықтарымыз бар. Кездесулерде соны білдіруге тырыстық. Және өзіміздің ақыл-кеңестерімізді айттық. Қазіргі кездегі нәтижеміз билік өкілдерімен диалогымыз ашық. Біздіңше, азаматтарға ұйым құруға, сөз бостандығына, жиын, демонстрация ұйымдастыруға кеңірек құқық берілуі керек. Қазақстанда кейбір ұйымдардың экстремистік деп табылған соң соны және жалпы экстремизмнің анықтамасын түсінідіріп беруді сұрадық, - дейді Антонио Станго.
Кездесу жайлы Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі омбудсмен сайтында да ақпарат жарияланған. Онда құқық қорғаушылармен талқыланған мәселелердің бірі Қырғызстанда ұсталып, Қазақстанға әкелінген белсенді Мұрат Тұңғышбаевтың денсаулығы болған.
Бұдан бұрын құқық қорғаушылар Алматы, Павлодар түрмелеріндегі саяси тұтқындамен, оның ішінде "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталған Арон Атабекпен кездеспек болған. Бірақ олар мақсатына жете алмаған.
ПІКІРЛЕР