Accessibility links

Алматы облысында "түрмеде азапталды" деген тұтқын қайтыс болды


Қайрат Егімбаев, жазасын өтеуші. Адвокаты Айгүл Баймағамбетова түсірген сурет. Қапшағай, 21 тамыз 2018 жыл
Қайрат Егімбаев, жазасын өтеуші. Адвокаты Айгүл Баймағамбетова түсірген сурет. Қапшағай, 21 тамыз 2018 жыл

Алматы облысында түрмеде жазасын өтеп, ауруханаға түскен тұтқын Қайрат Егімбаев қайтыс болды. Бұл туралы Азаттыққа Қайрат Егімбаевтің адвокаты Айгүл Баймағамбетова хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, 27 тамыз күні түрме басшылығы Егімбаевтің 26 тамыз күні түнге қарай қайтыс болғанын хабарлаған.

Бұл ақпаратты Қайрат Егімбаевтің әйелі Айжан Омар растады. Оның сөзінше, күйеуі Қапшағай қалалық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан. "26 тамыз күні сағат 9-да қайтыс болған екен. Маған түнгі сағат 1-лерде хабарлады. Денесін алып келдік, ертең жерлейміз" деді Айжан Омар. Оның сөзінше, күйеуі 27 тамыз күні өзінің ауруханаға түскені туралы факт мен әйелінің арызы бойынша жауап беруі тиіс болған.

Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА-155/14 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан жерінен ауруханаға түскен Қайрат Егімбаев туралы Азаттық бұған дейін жазған еді. Туыстары оның түрмеде "таяққа жығылғанын, төрт операция жасалғанын, жағдайы қиын" екенін айтқан. Ал түрме басшылығы сотталушы "биіктен құлап жараланды" деген.

Оқи отырыңыз: Туыстары сотталушының азапталғанын айтты

Адвокат бұған дейін Егімбаевқа "ешкімге ешқандай шағымым жоқ" деген мазмұндағы арыз жаздыртып алғанын айтқан. "Арызында, денесіндегі жарақаттар жуынатын бөлмеде құлағаннан кейін пайда болғаны жазылған. Сарапшының тұжырымдамасы бұны жоққа шығарады" деген адвокат.

Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) баспасөз қызметінің өкілі Ғалымжан Хасенов, бұл іс бойынша хабардар екен жеткізген. Ол Егімбаевтың ауруханаға түскені туралы факт пен оның әйелінің арызы ІІМ-де тіркелгенін, қазір Алматы облысының қылмыстық атқару жүйесі департаменті тексеру жүргізіп жатқанын хабарлаған.

Азаттық тілшісі Егімбаевтің ісі бойынша комментарий алмақ болып, Алматы облысының қылмыстық атқару жүйесі департаментіне хабарласқанымен, телефон тұтқасын ешкім көтермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG