Accessibility links

Ресей "1981 жылдан бері болмаған" ауқымды әскери жаттығу өткізеді


Ресей әскерилері Қырымда әскери жаттығу кезінде. 30 наурыз 2018 жыл (Көрнекі сурет).
Ресей әскерилері Қырымда әскери жаттығу кезінде. 30 наурыз 2018 жыл (Көрнекі сурет).

Ресей Қорғаныс министрлігі "1981 жылдан бері болып көрмеген ең ірі" "Восток-2018" әскери жаттығуы өтетінін жариялады. 1981 жылы СССР мен Варшава келісімі елдері "Запад-81" деп аталатын біріккен ауқымды әскери жаттығу өткізген.

Қорғаныс министрі Сергей Шойгу жаттығу 11-15 қыркүйек күндері Орталық және Шығыс әскери округтерінің барлық полигонында өтетінін мәлімдеді. Жаттығуға 300 мыңға тарта әскери қызметкер, оның ішінде әуе десанты күштері және мыңнан астам ұшақ пен тікұшақ қатысады. Жаттығуға Тынық мұхиты мен Солтүстік флот та қатыстырылады.

"Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, "Восток-2018" халықаралық жаттығу деген статус иеленген. Былтыр қыркүйекте Ресей мен Беларусь аумағында "Запад-2017" деп аталған әскери жаттығуы өткен. Онда Ресей және Беларусь әскерилері шартты түрде "Батыс елдерінің армиясына" қарсы іс-қимылды пысықтаған. Былтыр қарашада президент Владимир Путин ірі және стратегиялық әскери кәсіпорындарды "меншік түріне қарамастан", әскери өнім шығару көлемін ұлғайтуға дайын болуға шақырған.

НАТО әскери жаттығу Ресейдің "үлкен соғысқа" дайындалып жатқанын айғақтайтынын мәлімдеді.

Шойгу салыстырған 1981 жылғы "Запад-81" жаттығуы Польша шекарасына жақын жерде өткен. Батыс елдері ол кезде жаттығуды СССР-дің күш-қуатын паш ету және ауқымды шабуыл жасау операциясына дайындық деп қабылдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG