Қазақстанда Конституцияға енгізілген өзгерістерді биліктің заң шығару және сот жүйесі өкілдеріне және қарапайым азаматтарға түсіндіріп, ашықтау керек деп мәлімдеді Қазақстанның Тұңғыш президенті қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов. Бұл туралы ол 28 тамызда Астанада Қазақстан конституциясына жаңа ғылыми-тәжірибелік түсіндірменің таныстырылымында айтты.
Роговтың сөзінше, бір жылда конституцияның 19 бабына 20-дан астам өзгеріс енгізілді. Бұл өзгерістердің көбі - билікті қайта бөлу және президенттің кейбір өкілеттілігін парламент пен үкіметке өткізуге қатысты. Оның сөзінше, сотқа жүгінген азаматтар өз құқықтарын қорғау үшін конституция нормаларына сүйенеді.
Роговтың сөзінше, бұл түсіндіру "міндетті болып саналмайды". "Бұл доктрина тұрғысынан түсіндіру болып саналады. Ғалым әрі тәжірибелі мамандардың пікірінше, міндетті түсіндіруді тек конституциялық кеңес бере алады" деді бұрын өзі де Конституциялық кеңесті басқарған Игорь Рогов.
Оқи отырыңыз: Қоғамда дау туғызған заңдар
Конституцияға енгізілген өзгерістер парламенттің құзыретін аздап күшейткен. Бұрын заң шығарушы қызметін атқарған парламент енді конституция бойынша "заңды шығару билігі" бар жоғарғы өкілетті органға айналды. Үкімет енді "жұмысының негізгі бағыты мен барлық маңызды шешімі жайлы" президентке ғана емес, парламент мәжілісіне де есеп беріп отыруы тиіс.
Конституциялық өзгерістер бойынша, президентте елдің сыртқы және ішкі саясатына, ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысқа қатысты мәселелерде соңғы сөз айту құзыреті қалды. Үкіметке президенттің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты міндеттері берілді.
ПІКІРЛЕР