Тамыздың 29-ы күні өткен сот отырысында судья Аралбай Нағашыбаев Қазақстанның демократиялық таңдауы (ҚДТ) чатындағы хабарламалары үшін рулық алауыздықты қоздырып, билікті құлатпақ болды деп айыпталып отырған Абловас Жұмаевтың сотқа дейінгі тергеу мен тінту кезінде өзіне қысым жасалғаны туралы мәлімдемесіне қатысты сот қаулысын оқыды.
Сот: "Жұмаевтың оған сотқа дейінгі тергеу мен тінту кезіндегі қысым туралы арызы Маңғыстау облыстық прокуратурасына жолданып, шешім қабылдау үшін он күн мерзім берілсін, - деді. Ал адвокат Жанар Сүндетқалиеваның тергеуші Айдос Қадиев пен сот сараптамсын жасаған сарапшылардан жауап алу туралы өтінішін әзірге ашық қалдырды.
Судьяның сөзінше, бүгінгі сотта жауап беруі тиіс тағы бір куә Ұзақбаев әзірге табылмаған. Сондықтан соттың келесі отырысы 12 қыркүйек сағат 10-ға белгіленді.
Абловас Жұмаев сот шешімімен 11-мамырда қамауға алынған. Оған "рушылдық, топтық алауыздық тудырды" (174-баптың 1-тармағы) және "билікті күштеп басып алмақ болды" (179-баптың 1-тармағы) деген екі айып тағылған.
13 наурызда Астана соты Бас прокуратураның арызы бойынша оппозициялық магнат, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған еді.
ПІКІРЛЕР