Германияның шығысындағы Хемниц қаласында сенбі күні миграцияға қарсылар мен олардың оппоненттері жаппай шерулер өткізді. Бұған дейін Таяу Шығыстан келген екі босқынның қолынан жергілікті тұрғын қаза тапқан соң әсіреоңшылдар өткізген шеру тәртіпсіздіктерге ұласқаннан кейін қаланы бір аптадан бері мазасыздық жайлаған.
Алайда, сенбі күнгі шерулер бейбіт түрде өтті, полиция күштері көшедегі тәртіпті қамтамасыз етіп, шерулер барысын бақылап тұрды. Полиция өкілдері екі шеруді бір-бірімен қақтығысып қалмайтындай етіп әр жаққа ажыратқан.
Полицияның мәліметі бойынша, оппоненттеріне қарағанда миграцияға қарсылық шеруіне көбірек адам қатысқан. Ұйымдастырушыларының арасында әсіреоңшыл "Балама Германия" партиясы да болған шеруге 4,5 мыңға жуық адам қатысқан. Шеруге шыққандар канцлер Ангела Меркельдің көші-қон саясатын сынаған.
Ксенофобияға қарсы шеруге 3,5 мыңға жуық адам қатысқан. Германия билігінің өкілдері әсіреоңшылдарды мигранттарға деген өшпенділікті таратады деп айыптаған. Сенбі күні бұрын нацистік концлагерь болған Дахауға барған сыртқы істер министрі Хайко Маас әсіреоңшылдар шеруіне қатысқан кей адамдардың нацистерше сәлем бергенін айтып, неонацизмге қарсы күресуге шақырған. "Балама Германия" партиясының өкілдері Хемницте қалыптасқан жағдайға канцлер Меркель мен оның 2015 жылы сириялық босқындарға ел шекарасын ашу туралы қабылдаған шешімін кінәлайды.
ПІКІРЛЕР