Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанның Қырғызстанмен шекара бекеттеріндегі ұзын-сонар кезекті кешенді түрде шешу керегін мәлімдеді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Нығматулин бұл туралы 12 қыркүйекте мәжілісте Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасын демаркациялау туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын қарау кезінде айтты. Талқылауға сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов та қатысты.
Талқылау кезінде депутат Зәуреш Аманжолова Қырғызстанмен шекарада сегіз өткізу бекеті барын, бірақ "Қордай" және "Қарасу" тексеру-өткізу бекеттерінен өтетін жолаушылар мен көлік қозғалысы жылда қиындайтынын айтты. Ол әсіресе жаз мезгілінде шекарада кезек ұлғаятынын айтып, бұл мәселені реттеуде қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрады.
Дархан Ділманов "Қордай" бекетінен екі ел жағынан да адам мен транспорт көп өтетінін, бұған дейін төлқұжат тексеру орны саны 18-ден 36-ға дейін көбейтілгенін, қайта құрылымдаудан соң оның саны 60-қа артатынын айтты. Оның сөзінше, шекарада өткізу бекеттерін ашуға инвестиция және даму министрлігі жауапты, ал шекара қызметі бекеттер санын ұлғайтуға қарсы емес.
Бұдан соң Нұрлан Нығматулин Сыртқы істер министрлігі бұл мәселені реттеуде тиісті органдар жұмысын үйлестіруі тиіс екенін, проблеманы кешенді түрде шешу керегін айтты.
Мұхтар Тілеуберді бұл мәселе үкіметаралық комиссияда қаралатынын, сол арқылы ортақ шешім табу керегін білдірді.
Оқи отырыңыз: Қырғыз-қазақ шекарасының түйткілді тұстары
Бұл жиында мәжіліс Қазақстан-Қырғызстан шекарасын демаркациялау туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Мәжіліс таратқан ақпарат бойынша, Қазақстан мен Қырғызстан арасында екі ел шекарасын бекіту туралы шартқа 2017 жылы 25 желтоқсанда Алматыда қол қойылған. Шарт екі ел шекарасын халықаралық құқықтық тұрғыдан бекіту мақсатында қабылданған.
Қазақстан Қырғызстанмен шекарадағы бақылауды қазанның 10-ынан бастап күшейтілген режимге көшіргеннен кейін көрші елден Қазақстан аумағына өту қиындап кеткен еді. Астана шекарада тексерудің күшейтілгенін контрабандамен күрес шарасы деп түсіндірген. Бішкек Қазақстан жағы шекарада "қолдан кедергі жасап отыр" деп мәлімдеген.
Кей сарапшылар Астананың мұндай шарасын сол кездегі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың "Қырғызстанның ішкі ісіне араласып отыр" деп Қазақстан басшылығын сынаған мәлімдемесімен байланыстырған.
30 қарашада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Минскіде кездесіп, шекара мәселесін талқылаған. Кездесуден соң президенттер шекарадағы жағдайды реттейтін "жол картасы" желтоқсанның соңына дейін қабылданатынын хабарлаған. 2 желтоқсанда екі ел үкіметтері "жол картасына" қол қойған. Кейін Қырғызстан шекара қызметі қазақстандық шекарашылар шекарадағы бекеттерде жүк көліктерін өткізуді тездеткенін хабарлаған.
Қазақ-қырғыз шекарасында кептеліс азайды (05.12.2017)
ПІКІРЛЕР