Accessibility links

АҚШ-та ірі компаниялар Трамптың тариф саясатына қарсы шықты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ-тағы 60-тан астам ең ірі корпорация президент Дональд Трамптың тариф саясатына қарсы шықты. Reuters агенттігінің хабарлауынша, бизнес-коалиция құрамына Америка мұнай институты үкіметтік емес ұйымы, Exxon Mobil, Chevron, Microsoft, Apple, IBM, Facebook, Amazon.com, Walmart және басқа да компаниялар кірген.

Компаниялар сегіз ай бойы Ақ үй әкімшілігін жаңа тариф саясатының тиімсіз екеніне көзін жеткізуге талпынып келеді. Трампқа қарсы одаққа АҚШ экономикасының барлық саласынан компаниялар қосылған.

Коалиция енді Трамптың протекционистік саясатын Конгресстің республикашыл мүшелерімен жұмыс істесу арқылы тоқтатпақ ниетте. Бизнес өкілдері республикашыл конгрессмендерді АҚШ президентін ол жариялаған тариф саясаты салық реформасымен байланысты қол жеткізген жетістіктерін жоққа шығаруы мүмкін екеніне сендіруге шақырмақ.

Трамп өзі жариялаған жаңа тариф саясаты мен сауда шаралары америка бизнесін қорғайды және елдегі жұмыссыздықты азайтады дегенінен танбайды. Бірер күн бұрын ол Қытайдан келетін 200 миллиард доллардың тауарына жаңа баж салығын енгізу шаралары қабылданатынын жариялаған. Мұның алдында Қытайдан жеткізілетін 50 миллиард доллардың тауарына баж салығы салынған. Қытай билігі де АҚШ-қа осыған бара-бар жауап шараларын жасап жатыр.

Таяуда ғана көлік құрастыратын америкалық Ford Motor компаниясы Трамптың үндеуін елеместен, шағын Focus Active жол талғамайтын көлігін жасайтын зауытын Қытайдан АҚШ-қа көшіруден бас тартқан. Компания көлікті АҚШ-та құрастыру өзіне "тиімсіз" болатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG