АҚШ энергетика министрі Рик Перри қыркүйектің 14-і күні Ресей энергетика министрі Александр Новакпен келіссөз өткізді. Вашингтон мен Мәскеу арасындағы "күрделі қарым-қатынасқа" қатысты Перри өзі және ресейлік әріптесі "АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларының бұдан ары кеңейгенін қаламайтындары" туралы мәлімдеген. Бұл туралы Reuters пен "Америка дауысы" хабарлады. Перридің сөзінше, қазірге кезде ахуалдың ары қарай қалай өрбитіні Мәскеудің ұстанымына байланысты болмақ.
"Ресейде [күллі әлемге] бейбіт көрші болуға, айналасындағы елдермен бұдан гөрі өркениетті қарым-қатынас орнатуға ықыласты екені туралы хабарлама жолдауына мүмкіндік бар. Біздің ойымызша, олар әзірге Украинаға қатысты ондай ниетін байқатқан жоқ", - деп мәлімдеген Рик Перри. Ресейдің агрессиялық іс-қимылы АҚШ-тың "Солтүстік ағын-2" газ құбыры жобасына қарсы санкция салуына себеп болуы мүмкін деп жазады Reuters.
АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігінің хабарлауынша, жұма күні Перри ресейлік "Росатом" мемлекеттік корпорациясының басшысы Алексей Лихачевпен кездескен. Елшіліктің таратқан мәлімдемесінде АҚШ пен Ресейдің қауіпсіздік мәселелеріндегі ықпалы мен тәжірибелеріне байланысты әлемдік атом нарығында ерекше жағдайға ие екендігі айтылған. Екі ел де бұған дейін бұл мәселелермен бірлесе айналысқан. Алайда бұл мәселелердің өзектілігі артып келе жатқанына қарамастан, соңғы жылдары ондай әріптестіктің деңгейі төмендей бастаған дейді АҚШ тарабы.
ПІКІРЛЕР