Мәскеуде полиция Манеж алаңына Ресейде түрмеде отырған украиналық режиссер Олег Сенцовты қолдап жалғыз адамдық пикетке шыққан Татьяна Шапиро мен Гаяне Петросянды ұстаған. Бұл туралы "ОВД-Инфо" порталы хабарлады.
Полиция белсенділер акцияны Ресей президенті резиденциясының маңында өткізгендіктен ұсталды деп түсіндірді деп жазады"ОВД-Инфо". Жалғыз адамдық акция Мемлекеттік музейдің жанында өткен. Ұсталғандарды "Китай-город" полиция бөліміне апарған.
Бұған дейін Татьяна Шапироны полиция Мәскеуде Чистые пруды саябағында түрмедегі Олег Сенцовтың аштық жариялағанына 100 күн толғанда өткізген акция кезінде ұстаған болатын.
Украин режиссері Олег Сенцовты Ресей соты Мәскеу аннексиялаған Қырым түбегінде «теракт жасамақ болған» деген айыппен 20 жылға соттаған. Сенцов тағылған айыпты мойындамайды. Адвокаттары мен құық қорғаушылар режиссердің ісін қолдан құрастырылған және Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі оған қарсы куәліктерді азаптау арқылы алған деп мәлімдейді. Мамырдың 14-і күні Олег Сенцов Ресей түрмесінде отырған украиналық саяси тұтқындардың барлығын босатуды талап етіп аштық жариялаған.
ПІКІРЛЕР