Қыркүйектің 15-і күні Алматы кинофестивалі (Almaty Film Fest) басталды. Қала әкімдігі ұйымдастырған фестивальдің ашылу рәсімінен кейін режиссер Сергей Дворцевойдың "Айка" фильмі көрсетілді. Бұл фильмде бас кейіпкерді сомдаған қазақстандық актриса Самал Еслямова биыл мамырда Канн кинофестивалінде "Үздік әйел рөлі" номинациясының жеңімпазы атанған. Алматыда бұл фильмнің толық нұсқасы алғаш рет көрсетілді.
Бес күнге жалғасатын фестиваль барысында байқаудың негізгі бөлігіне қатысатын фильмдер, конкурстан тыс көрсетілетін картиналар қойылып, шеберлік кластары, дөңгелек үстелдер, баспасөз мәслихаттары өтеді.
Алматы кинофестивалінің негізгі конкурсында он фильм көрсетілмек. Олардың әрбірі екі немесе одан көп елдің бірлесіп түсірген туындылары. Сол себепті негізгі конкурс "Мәдениеттің жақындасуы" деп аталады. Бұл бағдарламада Қазақстанмен бірге Грузия, Швеция, Тайвань, Жапония, Үндістан, АҚШ, Украина, Германия, Палестина, Голландия, Мексика, Исландия, Бельгия, Боливия, Уругвай, Беларусь, Ресей, Катар мен Франция кино шеберлерінің шығармалары көрсетіледі.
Байқауға ұсынылған фильмдерге ресейлік кинорежиссер Сергей Бодров жетекшілік ететін халықаралық жюри баға береді. Конкурстың бас жүлдесі – Гран-при (3 миллион теңге, яғни 8 мың долларға жуық) фильмді шығарушыларға беріледі. Басқа номинациялар бойынша жеңімпаздар бұдан бір-екі миллион теңге кем қаржылай жүлде алады.
ПІКІРЛЕР