Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес жекпе-жектен кейін баспасөз мәслихатына өткізді.
Головкин: "Иә, бұл жолы рингте Альварес қашпады. Бірақ бұл ол жеңіске жетті дегенді білдірмейді. Мен бокстастым және біз бұған дайын болдық. Бірінші кездесуде ол рингте қашып жүріп алған еді. Бұл жолы ол тұрып алды. Бүгін ол "супер мексикалық стиль" көрсетті деп айта алмаймын. Ол таң қалатындай ештеңе көрсеткен жоқ. Бүгінгі керемет жекпе-жек үшін барлықтарыңызға алғыс айтамын. Альваресті және оның командасын құттықтаймын. Ол - бүгін чемпион" деді.
Альварес өзіне берілген тапсырманы орындағанын, бірақ нокаутпен жеңу жоспары орындалмағанын айтты.
"Мені 14 жастан бері жаттықтырып келе жатқан бапкерлерім Эдди және Чепо Рейносоға алғысымды айтамын. Бірінші раундтан бастап Головкинді нокаутқа түсіруді ойладым. Бірақ жеңісіме ризамын. Бұл мен үшін және менің елім үшін өте маңызды жеңіс. Өмірімдегі ең бақытты күндердің бірі" деді ол.
Оқи отырыңыз: Головкин - Альварес жекпе-жегі қалай өтті?
Головкин 15 қыркүйек күні (Астана уақыты бойынша 16 қыркүйек) Лас-Вегаста (АҚШ) өткен рематчта төрешілер шешімімен Сауль Альварестен жеңілген.
36 жастағы Геннадий Головкин осымен 40-рет жекпе-жекке шығып, алғаш рет жеңілді. Ол орта салмақта (72,6 кг) WBA, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды. Головкиннің барлық атағы Альвареске беріледі. Қазақстандық боксшы бұған дейін 38-мәрте жеңіске жетіп (34 кездесуде нокаутпен жеңген), бір рет тең түскен.
28 жастағы Сауль Альварес 53-кездесуін өткізіп, елуінші рет жеңіс жетіп отыр. Ол бұған дейін екі рет тең түсіп, бір рет жеңілген. Мексика боксшысы - енді орта салмақта әлемнің жаңа чемпионы.
Головкин мен Альварес 2017 жылы қыркүйекте жекпе-жекке шығып, тең түскен. Үш төрешінің бірі жеңісті Головкинге (115:113), бірі Альвареске берген (118:110). Бір төреші кездесу тең аяқталды (114:114) деп шешкен. "Альварес 118:110 есебімен жеңді" деп шешкім қабылдаған төреші Аделеида Бред кейін жанкүйерлер тарапынан сынға ұшыраған. Бокс фанаттары мен кейбір сарапшылар "Альварес 118:110 есебімен жеңген жоқ" деп санайды.
Головкин мен Альварес арасындағы екінші жекпе-жек мамыр айында өтуі тиіс еді. Бірақ ақпанда Альварестің допинг сынамасынан рұқсат етілмеген кленбутерол препараты табылып, ол алты айға бокстан шеттетілген.
ПІКІРЛЕР