Ғабит Байжанов президент көмекшісі және елдің Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады. Тағайындау туралы жарлыққа Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған.
Президент жарлығымен Қауіпсіздік Кеңес хатшысы қызметін уақытша атқарған Марат Шайхутдинов бұл міндеттен босатылды.
Генерал-лейтенант шеніне ие Байжанов бұған дейін "Сырбар" сыртқы барлау қызметін басқарған. 2007-2009 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Барлау" қызметі директорының орынбасары болған. 2009 жылдан бері "Сырбарда" түрлі қызметтер атқарған.
Заң бойынша Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие. Биыл 5 шілдеде Назарбаев қол қойған заңға сай кеңес консультативті-кеңесші органнан конституциялық органға айналған.
Оқи отырыңыз: Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін мәңгі басқармақ
Заң Қауіпсіздік кеңесіне елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ету ғана емес, "ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, халықаралық аренада елдің конституциялық құрылымы мен ұлттық мүдделерін қорғау" жауапкершілігін де жүктейді.
Құжатқа сай, Қауіпсіздік кеңесінің құрамын президент кеңес төрағасының келісімімен жасақтайды.
ПІКІРЛЕР