Accessibility links

"Жиһадшылар ісін" енді Алмалы аудандық соты қарай бастады


"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар Кенжебек Әбішев (сол жақта) пен Алмат Жұмағұловты сотқа алып келе жатыр. Алматы, 26 қыркүйек 2018 жыл.
"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар Кенжебек Әбішев (сол жақта) пен Алмат Жұмағұловты сотқа алып келе жатыр. Алматы, 26 қыркүйек 2018 жыл.

Алматының Алмалы аудандық соты "жиһадшылар ісі" бойынша күдікті Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев және Оралбек Өміровтің сотында алдын ала тыңдау басталды. Сотқа Алмалы аудандық сотының төрағасы Қуаныш Әріпов төрағалық етіп жатыр.

Алдын ала тыңдауда адвокаттар журналистердің соттан бейне және аудио жазба жасауына рұқсат беруді сұрады және тағы бірнеше өтініш жасады. Сот журналистердің сотқа қатысуына рұқсат бергенімен, "процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін" аудио мен бейне жазба жасауына және суретке түсіруіне тыйым салды. Судья залда бейнекамера орнатылғанын, журналистердің өздеріне қажетті ақпаратты ала алатынын айтты.

Адвокаттар сонымен қатар судьядан сотталушыларды қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Олар сонымен қатар "қылмыстық іс қолдан жасалғандықтан" және "сотталушылар іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан" істі тоқтатуды сұрады.

Сотталушылар өздерінің кінәсіз екенін және істі тергеушілер қолдан жасағанын мәлімдеді. Алмат Жұмағұлов өзінің жерді шетелдіктерге сатуға қарсы "шынайы патриот" екенін айтты. Кенжебек Әбішев отбасылық жағдайының ауыр екенін, онкологиялық сырқатқа шалдыққан әйелінің жұмысқа жарамайтынын және кәмелетке толмаған балаларын бағып-қаға алмайтынын мәлімдеді. Оралбек Өміров айыптау тарабы өзін қаралау үшін екі рет сотталғанына баса назар аударта беретінін мәлімдеді. Ол сонымен өзінің қатар екінші топтағы мүгедек екеніне байланысты соттан бұлтартпау шарасын өзгертуді сұраған адвокаты Айдын Табылдиевтің өтінішін қолдады.

Прокурор Дәурен Бұлғымбаев адвокаттар өтінішін қолдауға қарсы болды. Судья Қуаныш Әріпов шешім шығаруға кеңесу бөлмесіне кетті. Келесі сот отырысы 27 қыркүйекке белгіленді.

Бұған дейін Алмалы аудандық соты істе "мемлекеттік құпия бар болғандықтан" оны өндіріске алудан бас тартып, іс Жетісу аудандық сотының қарауына берілген. Жетісу аудандық сотында өткен тыңдауда адвокаттар Алмалы аудандық сотының істі өндіріске алудан бас тартуына негіз жоқ деп, істі осы аудандық сотқа қайта беруді сұраған. 10 қыркүйекте өткен сотта Жетісу аудандық сотының төрағасы Тұрысбек Мыятбеков істі Алмалы аудандық сотының қарауына жолдаған.

51 жастағы Кенжебек Әбішев, 47 жастағы Оралбек Өміров және 43 жастағы Алмат Жұмағұлов 2017 жылғы қарашада полиция "терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруды тексеру" деп атаған іс аясында ұстаған. Былтыр қарашаның 28-і күні үшеуі тұтқынға алынғаннан бері оларды қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Алмат Жұмағұлов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын және биыл наурызда Астананың Есіл аудандық соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық қозғалысы ұнайтынын ашық айтады. Ал Кенжебек Әбішев "ҚДТ-да шаруам жоқ, оған еш қатысым жоқ" деп мәлімдейді.

Сәуірдің 16-сы күні еуропалық құқық қорғаушылар – Польша Сеймінің депутаты Марчин Свенчицкий мен Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының президенті Антонио Станго Алматыдағы тергеу абақтысында отырған Кенжебек Әбішев және Алмат Жұмағұловпен кездескен. Ертеңінде, сәуірдің 17-сі күні Алматыда өткізген баспасөз жиынында олар "терроризмге шақырды" деген күдікке ілінген Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловқа қатысты айыптардың қисындылығы мен тергеу соттарының тергеу органдарынан тәуелсіз екеніне күмән келтірген.

Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары бұған дейін Әбішев пен Жұмағұловты "саяси тұтқын" деп таныған. Билік бұл қоғамдық-саяси статусқа қатысты комментарий бермейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG