Accessibility links

Ирак парламенті елдің жаңа президентін сайлады


Ирактың жаңа сайланған президенті Бархам Салих (оң жақта) пен жаңа премьер-министрі Адел Абдул-Махди. Бағдад, 2 қазан 2018 жыл.
Ирактың жаңа сайланған президенті Бархам Салих (оң жақта) пен жаңа премьер-министрі Адел Абдул-Махди. Бағдад, 2 қазан 2018 жыл.

Ирак парламенті (Өкілдер кеңесі - ред.) Күрдістан патриоттық одағы партиясының өкілі Бархам Салихті ел президенті етіп сайлады. Парламентте өткен дауыс беруде оның кандидатурасын 301 депутаттың 165-і қолдады. Бархам Салихтің басты қарсыласы - Күрдістан демократиялық партиясының кандидаты Фуад Хусейнге 70 депутат дауыс берді.

Бархам Салих президент болып сайланған соң шииттердің ардагер саясаткері Адел Абдул-Махдиді жаңа премьер-министр қылып бекітіп, оған жаңа үкімет жасақтауды тапсырды. Адел Абдул-Махди енді 30 күн ішінде жаңа үкімет құрамын парламентке ұсынуы тиіс.

Иракта президент негізінен формальді қызмет атқарады және өкілеті шектеулі. АҚШ бастаған халықаралық коалиция Иракқа басып кірген 2003 жылдары жасалған бейресми уағдаластық бойынша, Иракта президент күрдтерден, премьер-министр шииттерден, ал парламент төрағасы сүнниттерден сайланады.

Премьерлікке ұсынылған Адел Абдул-Махди бұған дейін вице-президент, мұнай министрі және қаржы министрі қызметтерін атқарған. Ол мамыр айында өткен парламент сайлауында ең көп қолдауға ие болғанын мәлімдеген шииттердің екі саяси блогымен де байланысы жоқ саясаткер саналады. Парламент сайлауында шииттердің екі блогы да парламентте көпшілік орынға ие бола алмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG