Биыл экономика бойынша 50-рет берілетін Нобель сыйлығына америкалық Уильям Нордхаус пен Пол Ромер ие болды. Нобель комитеті ресми сайтының хабарлауынша, оларға сыйлық макроэкономикаға ұзақ мерзімдік талдау жасауға климаттың өзгеруі мен технологиялық инновацияны кіріктіргені үшін берілді.
Былтыр бұл сыйлықты америкалық экономист, Чикаго уничерситетінен Ричард Талер иеленген. Ол сыйлықты мінез-құлықтық экономиканы зерттеуге қосқан үлесі үшін алған. Ғалым адамдардың қаржысын қалай жұмсайтынына әсер ететін факторларды зерттеп, экономика мен психологияны байланыстырған.
Нобельдың басқа салалар бойынша берілетін сыйлығын Нобель комитеті тағайындаса, экономика бойынша берілетін сыйлықты 1968 жылы Швеция Орталық банкі тағайындаған. Бұл сыйлықты "Альфред Нобельді еске алу" сыйлығы деп те атайды. Нобельдің өзі өсиетінде экономика саласы бойынша сыйлық тағайындауды айтпаған.
Нобель сыйлығы ғылымдағы ең мәртебелі сыйлық саналады. Оның ақшалай жүлдесінің көлемі Нобель комитетінің табысына байланысты болады. Биыл жүлде көлемі бір миллион доллардан сәл асады.
Нобельдің экономика саласы бойынша сыйлығы ең соңғы болып жарияланады. 1 қазанда медицина мен физиология, 2 қазанда физика, 3 қазанда химия саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері жарияланған. 5 қазанда бейбітшілік саласындағы Нобель иегерлері анықталған.
Биыл әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы берілмейді.
Көре отырыңыз: Ракты емдеу жолын тапқан ғалымдар Нобель алды
ПІКІРЛЕР