Қазақстандық адвокат, "көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген Бауыржан Азановқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бауыржан Азановтың Facebook-те жазуынша, өзіне қарсы іс қылмыс құрамы жоқ деп танылғандықтан тоқтатылған. Істің тоқтатылғаны туралы өзіне телефон арқылы хабарлаған.
Шілденің соңында адвокатқа биылғы көктемде қазіргі Түркістан облысы Абай ауылында зорланған жеті жасар баланың құқығын қорғау барысында "тексерілмеген, жалған ақпарат таратты" деген айып тағылып, полиция шақырған. Бауыржан Азановтың айтуынша, өзіне қатысты Қылмыстық кодекстің 256-бабы ("Көпе-көрінеу жалған ақпар тарату") бойынша қылмыстық іс биыл 23 мамырда қозғалған. Бірақ өзіне ол туралы шілденің соңында ғана хабарланған. Азановтың жақтастары оны "азаматтық ұстанымын білдіргені үшін" жауапқа тартуға болмайтынын мәлімдеген. Шілдеде жақтастары оны қолдап қол жинай бастаған.
Азаттық адвокатқа қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанына байланысты бас прокуратураға хабарласты. Бірақ прокуратураның баспасөз қызметі Азановтың ісіне қатысты ақпарат беру үшін жазбаша сауал жолдауды сұрады. Астана қалалық ішкі істер департаменті де жауапты жазбаша түрде беретінін хабарлады.
Биыл наурыз айында Қазақстан Бас прокуратурасы Абай ауылындағы "бала зорлау" ісіне қатысты тергеуді бақылауына алғанын хабарлаған. 26 қыркүйекте Түркістан облыстық соты "зорланған бала" ісін қарай бастаған.
Биыл 13 наурызда Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова Азаттыққа жеті жастағы жиенін 2017 жылдың тамызынан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағанын" айтқан. Ол жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын жеткізген. Бұл хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырып, қатты талқылауға ұласқан.
ПІКІРЛЕР