Accessibility links

Ғарыш саласында Ресей АҚШ-тан қалып барады


Байқоңырдағы "Союз МС-07" зымыран тасығышы және маңында жайылып тұрған жылқылар
Байқоңырдағы "Союз МС-07" зымыран тасығышы және маңында жайылып тұрған жылқылар

АҚШ пен Ресей арасындағы ғарышты игеру бойынша көп жылға созылған бәсекелестік біресе өршіп, біресе бәсеңсіп тұрса да, Байқоңырға еш ықпал етпеді. АҚШ-тың амбициялық жаңа ғарыш жобалары әлемдегі ең ірі ғарыш айлағының бірін тот басқан металл үйіндісіне айналдырып жібере ала ма?

Ғарышты игеруге жұмсалған алпыс жыл – бұл негізінен екі мұхит бөліп жатқан, екітүрлі көзқарасты ұстанатын екі мемлекеттің бәсекелестік тарихынан құралған. АҚШ пен Ресей басқарған СССР арасындағы ғарышты игеру жарысын қырғи-қабақ соғыстың жанама әсері деуге болады.

Текетірес нәтижесінде державалар осы салада тамаша жетістікке жетті - Жердегі қарым-қатынастары неғұрлым суыған сайын, ғарыштағы бәсекелестіктері соғұрлым қыза түсті. Қазіргі АҚШ-Ресей арақатынасын жаймашуақ деу қиын. Ғарыштағы күрес те күшейіп келеді, бұл жолы Ресейдің әлсірегені байқалады. СССР тараса да Мәскеудің ғарыш бағдарламасында негізгі рөл атқаратын Байқоңыр ғарыш айлағын не күтіп тұр?

Байқоңырдағы "Союз МС-10" зымыраны және төңіректе ұшып жүрген полицейлер тікұшағы. Байқоңыр, 9 қазан 2018 жыл
Байқоңырдағы "Союз МС-10" зымыраны және төңіректе ұшып жүрген полицейлер тікұшағы. Байқоңыр, 9 қазан 2018 жыл

БАТУТ ТУРАЛЫ ӘЗІЛГЕ ЖАУАП

2014 жылдың наурыз айында Қырымды аннексия жасауға жауап ретінде Америка санкция енгізгенде Ресейдің вице-премьері Дмитрий Рогозин NASA-ға әзілдеп, ғарышкерлерін Халықаралық ғарыш станциясына батут көмегімен жеткізуді ұсынды. Төрт жылдан соң АҚШ америкалық ғарышкерлерді америка жерінен америкалық зымыранмен ұшыратын күн алыс емес деп мәлімдеді.

Boeing пен SpaceX америкалық жеке компаниялар әзірлеген ғарыш кемелерін сынақтан өткізу 2019 жылдың көктем-жазына жоспарланған, ал биылғы жылдың соңында оларды пилотсыз ұшырамыз деп отыр.

2011 жылы Барак Обама мен Дмитрий Медведевтің екі жақты қарым-қатынасты "қайта қарауынан" соң Вашингтон Space Shuttle көп реттік қайықты қолдану бағдарламасын жауып, ғарышкерлерін тек "Союзбен" ұшыра бастаған. Содан бері бірінші рет АҚШ өз жерінен ғарышқа кемесін аттандырайын деп жатыр. Халықаралық ғарыш станциясындағы (ХҒС) кемеден бір орын алу үшін АҚШ 2018 жылы Ресейге 81 миллион доллардан астам ақша төледі.

АҚШ "Союздан" орын алу үшін қанша төлейді?

Америкалық Business Insider басылымының дерегі бойынша, 2008 жылы NASА ресейлік "Союз" кемесінен бір орын алғаны үшін Ресейге 21,8 миллион доллар төлеген. 10 жылда америкалықтар үшін бір орынның бағасы 372 пайызға өсті, 2018 жылы 81 миллион долларға жетті. Business Insider дерегіне сай, АҚШ ғарышкерлерін Халықаралық ғарыш станциясына жеткізу үшін 12 жылда Ресейге 3,36 миллиард доллар төлеген, оның бір миллиарды 2016 және 2017 жылдары төленген. 2016 жылы жасалған NASA ресми презентациясында Boeing (Starliner) және SpaceX (Dragon) жеке компанияларының ғарыш кемесінде бір орынның құны 58 миллион доллар тұратыны айтылды.

Халықаралық ғарыш станциясына ғарышкерлерді жеткізу әзірге, жоспар болғанымен, зымыранды коммерциялық ұшыру жағынан АҚШ басқа тараптардан озып кетті. Былтыр Америка ғарыш айлағынан 29 зымыран тасушы ұшырылды, бәрі сәтті ұшты. Өткен жылы Ресей - 20, Қытай - 19 зымыран тасығыш ұшырды (Қытай мен Ресейдің бір зымыраны сәтсіздікке ұшырады).

Әлемдік ғарыш нарығы туралы диаграмма. Илон Масктің Twitter-дегі парақшасында жарияланған

Ауыр аппаратты Жер орбитасына шығаратын, улы гептил отынымен ұшатын ресейлік "Протонға" (бірнеше апат салдарынан былтыр оны ұшыруды тоқтатты) Falcon Heavy нағыз сын болды. Оны амбициясы зор америкалық кәсіпкер Илон Масктың SpaceX жеке компаниясы әзірледі, қазір олар ғарыш туристерін Айға жіберуді, тіпті Марсқа адам қоныстандыруды жоспарлап жатыр. Оның бәрін болашақ көрсетеді. Ал қазір SpaceX ғарыш қызметі нарығында маңызды ойыншы болып тұр.

Falcon Heavy-ді іске қосу "Роскосмосқа" қалай әсер етеді?

Как запуск Falcon Heavy повлияет на Роскосмос
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:15 0:00

Биыл ақпанда SpaceX әзірлеген Falcon Heavy өте ауыр зымыраны Tesla электравтомобилі бар капсуласын ғарыш аралық кеңістікке шығарды (Маск компаниясының тағы бір өнімі), онда рульде отырған скафандр киген манекеннің алдында: DON’T PANIC! деген жазу болды.

Қазан айының басында қазір "Роскосмос" мемлекеттік корпорациясын басқаратын Дмитрий Рогозин Илон Маскті Мәскеуді нарықтан ығыстыру үшін демпинг жасап жатыр деп айыптады. Бірінші арнаға берген сұхбатында Рогозин Ресейдің көшбасшылықты қайтадан қолына алатынын мәлімдеді: "Біз ораламыз, қайтадан бірінші боламыз деп уәде беремін".

Сарапшылар Falcon-ның ресейлік зымыранды ығыстыратынына сенімді. Falcon Heavy ғарышқа шыққан соң Bloomberg сайтында жарияланған "Илон Маск ресейлік ғарыш бағдарламасын қалай айналып өтті" деген бағанда SpaceX-тің қажырлығы мен өнертапқыштығы және шығынды азайта білуі (соның ішінде кері оралатын баспалдақтарды қайта қолдану есебінен) компанияны көшбасшылық деңгейге шығарып қана қоймай, пайда табуға да мүмкіндік беретінін айтты.

"Роскосмос" SpaceX тарабынан төнетін қауіпті мойындайды, сондықтан шығынды азайту бағытында жұмыс істеп жатыр. Алайда Масктың компаниясы көш ілгері озып кетті, оны қуып жету оңай болмайды" дейді Bloomberg.

БАЙҚОҢЫР: КЕЛЕШЕГІ БОС ПА, ӘЛДЕ КҮҢГІРТ ПЕ?

Ресей мен АҚШ арасындағы америкалық ғарышкерлерді Халықаралық ғарыш станциясына "Союзбен" апару және әкелу туралы келісімшарт 2019 жылдың сәуірінде күшін жояды.

Қазанның 11-іне жоспарланған "Союзды" Байқоңырдан ұшыру (кеме бортында ресейлік Алексей Овчинин мен америкалық Ник Хейг) NASA ғарышкерлерінің қатысуымен Қазақстан аумағынан ұшырылатын соңғы ғарыш кемесі болуы мүмкін.

Мәскеу бұған дейін келісімшартты ұзарту мүмкіндігі туралы мәлімдеді, Вашингтон бұл тақырып бойынша ештеңе айтпады. Егер АҚШ ғарышкерлерін ХҒС-ға жеткізу үшін "Союздан" бас тартса, "басқарылатын кемелерді ұшыру бойынша Байқоңыр ғарыш айлағына түсетін салмақ азаяды" дейді Қазақстанның қорғаныс министрлігінің аэроғарыш комитеті мен аэроғарыш өнеркәсібі. Бірақ әлі торығуға себеп жоқ деседі.

- Халықаралық ғарыш станциясы – әлем деңгейіндегі халықаралық жоба, оған "Роскосмос" (РФ), NASA (АҚШ), JAXA (Жапония), CSA (Канада), ESA (Еуропа елдері) сияқты ғарыш агенттіктері қатысады. ХҒС-де ресейлік сегменттің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін станцияда ресейлік ғарыш кемелері ұшырыла береді. Оған қоса, "Союз" зымыран тасығыштары басқарылатын ғана емес, ХҒС бағдарламасы бойынша жүк кемелерін де, Жерді қашықтан зондтау, байланыс пен ғылыми мақсаттағы жерсеріктерін де іске қосады, - дейді аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Данбаев.

Байқоңырға "Союз МС-08" зымыранының жеткізілуі. Қызылорда облысы, 19 наурыз 2018 жыл
Байқоңырға "Союз МС-08" зымыранының жеткізілуі. Қызылорда облысы, 19 наурыз 2018 жыл

Ресей қазақстандық тарапқа биылғы жылдың соңында келер жылы Байқоңырдан ұшыру жоспарын таныстыруы керек. Аэроғарыш комитетіндегілер Байқоңырды "ғарышқа қатысы жоқ" мақсатта қолдануды қарастырмаймыз дейді.

Үкіметтің айтуынша, 1994 жылы Ресеймен жасасқан ғарышты жалға алу шарты бойынша (2050 жылға дейін ұзартылды) жыл сайынғы төлем – 115 миллион АҚШ доллары – ұшыру санына байланысты емес. Астана Байқоңырдағы "Бәйтерек" зымыран кешені жобасына үміт артады.

- Бұл жобаның Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор. Ол біздің елдің ғарыш айлағын сақтап, әрі қарай дамытуына ықпал етеді және іске қосу қызметінің әлемдік нарығына шығуына мүмкіндік береді, - дейді Ғалымжан Данбаев.

"Бәйтеректің" қашан пайда болатынын ешкім білмейді. Кешен туралы әңгімелер 14 жылдан бері айтылып келеді, жобаның бюджеті бірнеше рет ұлғайтылды, ал жүзеге асыру мерзімі кейінге шегертілді.

Астана мен Мәскеу ғарыш аппараттарын "Протонның" орнына экологиялық таза зымырандармен алмастыру туралы бірлескен жоспары туралы мәлімдеген. 2004 жылдан бері "Бәйтеректің" жұмысы басталғаны мәлім болған еді. Жоба украиналық "Зенит" зымырандарын пайдалануды көздеді, бірақ 2014 жылы Украинадағы саяси жағдайға орай (ресейшіл президентті биліктен тайдырып, орнына батысшыл күштер келді) "Бәйтеректі" жасаушылар "Зениттен" бас тартты.

Ресейлік "Протон" ракетасының құлауын экраннан бақылап отырған адам. 2 шілде 2013 жыл
Ресейлік "Протон" ракетасының құлауын экраннан бақылап отырған адам. 2 шілде 2013 жыл

Вашингтонда орналасқан Jamestown Foundation зерттеу институтының биыл наурызда жарық көрген "Кремльдің Байқоңырдағы стратегиясы: Қазақстанның ғарыш бағдарламасын шаң басып қала ма?" деген мақалада Ресей Қазақстанға Байқоңырдағы іске қосу қондырғыларын берген күннің өзінде Астана оларды Мәскеумен бірлескен жоба арқылы басқара алатыны айтылады, себебі қазақстандық тараптың өз зымырыны жоқ.

Мақалада келтірілген есеп бойынша Байқоңырдағы іске қосу алаңын жаңарту шамамен 245 миллиард долларға түспек. Келісім шарты бойынша, бұл шығынды Қазақстан көтеруі керек, ал Ресей "Союз-5" зымыранын жасауға жауапты; Мәскеудің есебінше, ол Falcon Heavy-мен бәсекелес бола алады.

Jamestown Foundation сарапшылары Ресейдің қалай болғанда да өз бағдарламасын ел ішінде – Архангельск облысы мен Қиыр Шығыста – орналастыруға күш салатынын, Байқоңырды қолдануды азайтуға тырысатынын айтады.

Қазақстанның аэроғарыш комитетінде отырғандар Байқоңырдың болашағы күңгірт екеніне келіспейді, ғарыштың артықшылықтарын атап өтеді. Оған жылына 300 күн күннің көзі шығып тұратыны, зымыран баспалдағын бөлген кезде аумақтың жартылай бос тұратыны, жүктерді жер маңындағы орбитаға шығару үшін географиялық орынның тиімді екені жатады.

Байқоңыр айлағының төңірегінде жайылып жүрген түйе
Байқоңыр айлағының төңірегінде жайылып жүрген түйе

Былтыр Ресей Байқоңырдан 12 зымыран ұшырды (2016 жылы -11, 2015 жылы -17). Қазақстанның аэроғарыш комитетінің ақпараты бойынша, биылға 17 старт жоспарланған. 2018 жылдың 10 айында төртеуі ұшырылды.

Материалды дайындауға Мәди Бекмағанбетов қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG