Accessibility links

БАҚ Скрипальді улады деген үшінші күдіктінің атын атады


Өздерін "Руслан Боширов" және "Александр Петров" деп таныстырған адамдар RT телеарнасына сұхбат беріп отыр.
Өздерін "Руслан Боширов" және "Александр Петров" деп таныстырған адамдар RT телеарнасына сұхбат беріп отыр.

Ресейлік "Фонтанка" газеті Ұлыбританияда Ресей әскери барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипальді улауға қатысы бар делінген үшінші күдікті - Сергей Федотов екенін хабарлады. Федотов Ұлыбританияға британ билігі қастандыққа қатысы бар деп күдіктенетін Ресейдің өзге екі азаматымен бірге барған.

Басылым дерегінше, Федотов Ұлыбританиядан 4 наурыз - Скрипальді улап қастандық жасалған күні ұшып кеткен. "Фонтанка" өз дереккөздеріне сілтеме жасап, британдық тергеушілер қастандыққа үшінші күдіктінің кім екенін білетінін, бірақ ол туралы кейінірек жариялауға шешім қабылдағанын айтады. Бұл мәлімет әзірге басқа дереккөзінен растала қойған жоқ.

10 қазан күні БАҚ Скрипальдерді улады деген күдіктілердің 2014 жылы жасырын түрде Чехияға барып, ресейлік бұрынғы барлаушыны аңдығанын хабарлаған. "Фонтанканың" мәліметінше, Чехияға барғандар арасында Федотов та бар. Чехия арнайы қызметі бұған қатысты комментарий беруден бас тартты.

Британдық тергеушілер Сергей Скрипальге "Александр Петров" және "Руслан Боширов" деген екі адам қастандық жасағанын айтады. Лондон күдіктілердің шын аты-жөні олардың паспорттарындағы мәліметтерден басқа болуы мүмкін екенін айтады.

Қыркүйектің басында Ұлыбритания билігі биылғы наурыздың 4-і күні Солсбери қаласында Сергей Скрипаль мен қызы Юлияға қарсы жүйкені жансыздандыратын аса улы зат қолдануға күдікті саналатын екі ер адамның бейнебақылау камерасы түсірген фотосуретін жариялаған. Полиция мәлімдемесінде ол екі адамның Ұлыбритания аумағына "Руслан Боширов" және "Александр Петров" деген ресейлік азаматтарға берілген паспортпен келгені айтылған.

Оқи отырыңыз: The Insider мен The Bellingcat: "Руслан Боширов" – ГРУ полковнигі Анатолий Чепига"

Bellingcat зерттеу тобы Александр Петровтың шын аты Александр Мишкин екенін анықтаған. Зерттеу тобының мәліметінше, Мишкин әскери академиялардың бірінде медициналық білім алған және Ресей әскери барлауының қызметкері. Руслан Бошировтың ресейлік барлаушы Анатолий Чепига екені белгілі болған.​

Ал "Петров" пен "Боширов" RT телеканалына өздерінің "қарапайым кәсіпкерлер" екенін, Солсбериге "турист ретінде барғанын" мәлімдеген.

Мәскеу Сергей мен Юлия Скрипальдерге жасалған қастандыққа қатысы барын жоққа шығарады. Ресей президенті Владимир Путин "Петров" пен "Бошировты" "қарапайым адамдар" деп атап, олардың ісінде "ешқандай қылмыс жоқ" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG