Accessibility links

Ингушетияда митингке қатысқан екі белсенді үстінен іс қозғалды


Ингушетия астанасы Магаста Шешенстанға жер беруге қарсы митинг. 6 қазан 2018 жыл.
Ингушетия астанасы Магаста Шешенстанға жер беруге қарсы митинг. 6 қазан 2018 жыл.

Ингушетияда Шешенстанға жер беруге қарсы митингіге қатысқан екі белсенді - Муса Мальсагов мен Малсаг Ужаховқа қарсы іс қозғалды. Бұл туралы "Дождь" телеарнасының эфирінен "Опора Ингушетии" қозғалысының жетекшісі Барах Чемурзиев мәлімдеді.

Мальсагов пен Ужахов билік өкілін тілдеді деген күдікке ілінген. Енді олардың үйі тінтілуі мүмкін.

Ингушетия басшысы Юнус-Бек Евкуров пен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров 26 қыркүйекте екі республика арасындағы әкімшілік шекараны бекіту туралы келісімге қол қойған. Құжатта екі аймақ арасында жер алмасу қарастырылған. Келісімге Ингушетия тұрғындарының көпшілігі қарсы. 4 қазанда Магас қаласында жаппай қарсылық акциялары басталған.

Ингушетияда мыңдаған адам көшеге шығып, келісімге наразылықтарын білдірген соң билік 15 қазанға дейін акция өткізуге рұқсат берген. Тек акциялар жаңа алаңда өтетін болып, түнде көшеге шығуға тыйым салынған.


8 қазан күні митингіде Ингушетияның бұрынғы басшысы Руслан Аушев сөйлеп, республика басшылығы Шешенстанмен келісім жасасуда қателік жібергенін мәлімдеген. "Бұл мәселені халықпен келісіп алу керек еді" деген Аушев. Республиканың конституциялық соты халық жағына шығып, Шешенстанмен келісім бойынша референдум өтуі қажетін мәлімдеді.

Ингушетия парламентінің бірнеше депутаты келісім мақұлданғанға дейін екінші рет дауыс беру өтуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бірақ республика басшылығы бұны жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG