Түркияның батысында 14 қазанда мигранттарды тасымалдап келе жатқан жүк көлігі жол апатына ұшырап, кем дегенде 22 адам қаза тапты, 13 адам жараланып ауруханаға түсті. Түркияның мемлекеттік Anadolu агенттігінің хабарлауынша, қаза болғандар арасында балалар да бар.
Жүк көлігі жанына аударылып, 20 метр биіктіктен жолға параллель суғару каналына құлап кеткен. Көлік Айдын қаласынан Измирге кетіп бара жатқан. Қаза тапқандардың қай елдің азаматы екені әзірге белгісіз.
Мыңдаған мигрант, оның ішінде сириялық босқындар соңғы жылдары Еуропа Одағына мүше Грекияға жету үшін Түркия аумағын кесіп өтеді. 2016 жылы Анкара мен Еуропа Одағы заңсыз мигранттарды Түркияға депортациялау туралы келісім жасасып, транзит арқылы өтетін мигранттар санын едәуір азайтқан. Соған қарамастан, көп мигрант әлі де Түркия арқылы Еуропаға жеткісі келеді.
ПІКІРЛЕР