Accessibility links

Лифтідегі кісі өлімі сотында үкім оқылды


Лифтідегі кісі өлімі ісі бойынша сотталушы, жалдамалы механик Жарылқасын Ақжанов (сол жақта) үкімді тыңдап тұр. Ақтөбе, 19 қазан 2018 жыл.
Лифтідегі кісі өлімі ісі бойынша сотталушы, жалдамалы механик Жарылқасын Ақжанов (сол жақта) үкімді тыңдап тұр. Ақтөбе, 19 қазан 2018 жыл.

Ақтөбеде көпқабатты үйдегі лифтіде мерт болған жергілікті тұрғын Айзат Әбдісаматтың өліміне қатысты айыпталушыларға сот үкімі шықты.

Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, судья айыпталушы "Жаңабек -Сервис" пәтер иелері кооперативі серіктестігінің төрағасы Кенен Жаңабековті 4 жылға шартты түрде соттады. Сот үкімі бойынша, Жаңабеков осы мерзім ішінде кәсіпкерлікпен айналыса алмайды.

Судья мұндай үкім шығарғанда Жаңабековтің өз кінәсін мойындап, жәбірленуші тараптан кешірім сұрағанын, моральдық шығындарын өтегенін ескергенін айтты. Моральдық шығын мөлшері сотта айтылған жоқ.

Ал жалдамалы меxаник Жарылқасын Ақжановқа 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, сот залынан қамауға алынды.

Марқұмның күйеуі Қайыржан Ерқасымов сот үкімін әділ деп санайды. Қайыржан Ерқасымовтың айтуынша, меxаник сот басталғаннан-ақ "кінәм жоқ" деуден танбаған. Марқұмның үйіне барып, туыстарынан кешірім де сұрамаған. Жәбірленуші бірақ сот кезінде оның "айыбы дәлелденгенін" айтады.

Сотталушылар мен олардың адвокаттары үкімге қатысты ешқандай пікір айтпады.

Жалдамалы механик Жарылқасын Ақжанов жарыссөзде өзін кінәсіз санайтынын мәлімдеген. "Тергеу кісі өліміне себепкер болды деп отырған лифтінің 201, 201А нөмірі детальдарын ауыстырған мен емес. Бұл кооперативте соңғы төрт жылда төрт механик ауысқан. Лифт есігінің ашылып-жабылуына жауапты сымды солардың бірі ауыстырған болуы керек" деген.

Жалдамалы механик биыл наурыз айының ортасында бұзылған лифтілерді жөндеп, іске қосқан. Араға екі апта салып, 12 ықшамаудандағы №19 үйдің үшінші подъезіндегі ескі лифтіде адам өлімі болған. Прокуратура кооператив төрағасы мен лифтерді (лифт жөндейтін маман) "техникалық құжаты жоқ, қауіпті нысанды пайдалануға беріп, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмады" деп айыптаған.

Оқи отырыңыз: Бақылаудан кеткен лифттерде оқыс оқиғалар көбейді

Арнайы сараптама тұрғын Айзат Әбдісаматты лифт есігі қысып қалғанын анықтаған. Құтқарушылар мәйітті алып шығу үшін лифтінің есігін екінші қабаттан бұзып кірген. Лифт содан бері тоқтап тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG