Accessibility links

Ауғанстан: Кандагарда парламент сайлауы кейінге шегерілді


Генерал Абдул Раззак (ортада), Кандагар уәлаяты полициясының басшысы.
Генерал Абдул Раззак (ортада), Кандагар уәлаяты полициясының басшысы.

Ауғанстанның Кандагар уәлаятында парламент сайлауы мерзімінен бір апта кеш өтеді. Ауғанстан сайлау комиссиясының хабарлауынша, бұған билік өкілдеріне қарсы шабуылдың жиілеп кетуі себеп.

"Қауіпсіздік кеңесі сайлау туралы заңға сай, сайлау комиссиясының Кандагарда парламент сайлауын бір аптаға кейінге қалдыру ұсынысын қабылдады" деді Тәуелсіз сайлау комиссиясының өкілі Хафизулла Хашими Азаттықтың Ауған редакциясына. Хашими "Сайлау ертең – қазанның 20-сында өтуі керек еді, бірақ жергілікті халық дауыс беруге моральдық тұрғыдан дайын емес болғандықтан, кейінге қалдырдық" деді.

Қазанның 17-сінде шабуылдан беделді әскери жетекші, Кандагар уәлаяты полициясының басшысы, генерал Абдул Раззак қаза тапқан. Ауғанстан билігі өкілдерінің хабарлауынша, қауіпсіздік күштері басшылары жиналған кездесуден соң генералдың оққағары жиналғандарға жаппай оқ атқан. Шабуылдан сонымен қатар Кандагар уәлаяты барлау қызметінің басшысы Абдул Момин мен бір ауған журналисі қаза тапты. Бұдан бөлек, үш америкалық азамат жараланды.

Билік өкілдері жиналған шарада АҚШ-тың Ауғанстандағы күштерінің бас қолбасшысы Скотт Миллер де болған. НАТО күштері шабуылдан оның зардап шекпегенін хабарлады.

Шабуылды "Талибан" қозғалысы мойнына алды.

Генерал Абдул Раззак 2011 жылдан бері Кандагар полициясын басқарып келді. Кейбір сарапшылар оны "оңтүстік Ауғанстан патшасы" деп атайтын.

Генерал Абдул Раззак "Талибан" қозғалысы өкілдерімен бірнеше рет келіссөзге қатысқан. Ол соңғы рет жазда берген сұқбатында "Талибан" қозғалысының кейбір жетекшілері соғысты аяқтап, бейбіт келісімге келуді қалайды деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG