Accessibility links

БАҚ: АҚШ Ресеймен арадағы СНВ-3 келісімін қайта қарамақшы


Р-12 – орта қашықтыққа ұшатын советтік құрлықтағы зымыран қаруы. (Көрнекі сурет.)
Р-12 – орта қашықтыққа ұшатын советтік құрлықтағы зымыран қаруы. (Көрнекі сурет.)

АҚШ стратегиялық шабуыл қаруларын одан ары қысқарту және шектеу шаралары туралы Ресеймен жасасқан келісімді (СНВ-3) қайта қарамақшы деп хабарлады АҚШ әкімшілігіндегі жоғары лауазымды дерек көзіне сілтеме жасаған Financial Times. Басылымның дерегінше, келісімнің ұзартылуы «екіталай».

2010 жылы сәуірдің 8-і күні сол кездегі АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей президенті Дмитрий Медведев Прагада қол қойған СНВ-3 келісімі 2011 жылы ақпанның 5-і күні күшіне енген. Он жыл мерзімге жасалған құжат тараптардың келісімі бойынша 5 жылға ұзартылады деп белгіленген. Келісімге сәйкес, екі тарап ядролық оқтұмсықтардың санын алдағы жеті жылдың ішінде 1550-ге дейін, екі елдің иелігіндегі құрлықтағы, теңіздегі және әуедегі баллистикалық зымырандар санын 700-ге азайту көзделген. Бұл келісім 2009 жылы желтоқсанда күші біткен СНВ-І келісімін алмастырған.


АҚШ-тың СНВ-3 келісімінен бас тартуы мүмкін екені туралы хабар АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Ресеймен орта және шағын қашықтыққа ұшатын ядролық зымырандарды жою туралы 1987 жылы жасасқан келісімнен шығуға бейіл екені туралы мәлімдемесінен кейін тарады. Трамп Мәскеуді келісім шарттарын бұзды деп айыптаған. Ресей сыртқы істер министрлігі ол айыптауды терістеп, Вашингтонға «әскери-техникалық» шаралармен жауап беретіні туралы ескерткен.

Қазанның басында АҚШ-тың НАТО-дағы елшісі Кей Бейли-Хатчинсон Құрама Штаттар Ресейдің орта және шағын қашықтыққа ұшатын ядролық зымырандарды жою туралы келісімге кереғар дайындаған зымыран қаруын алдын ала ауыздықтауға ниетті деп ескерткен. Қыркүйекте Breaking Defence АҚШ қорғаныс министрлігіндегі дерек көздеріне сілтеме жасап, Пентагонның СССР тарағалы бері алғаш рет 1600 километр қашықтыққа ұша алатын құрлықтағы зымыран жүйесін әзірлеп жатқаны туралы хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG