Accessibility links

"Роскосмос" "Союз" кемесін ұшыруды әзірге сақтандыра алмай отыр


"Союз-ФГ" зымыран тасығышының Байқоңырдан ұшырылған сәті. 11 қазан 2018 жыл.
"Союз-ФГ" зымыран тасығышының Байқоңырдан ұшырылған сәті. 11 қазан 2018 жыл.

Байқоңырдан Халықаралық ғарыш станциясына "Союз-ФГ" зымыран тасығышымен "Прогресс МС-10" кемесін ұшыру кезіндегі қауіп-қатерді сақтандыру жөніндегі тендерге бір де бір компания қатыспады. Зымыран тасығыш 18 қарашада ұшырылады деп жоспарланған. Бұл жайында мемлекеттік сатып алу сайтындағы тендерге сілтеме жасаған "Прайм" агенттігі хабарлады.

Келісімнің бастапқы бағасы 116 миллион рубльден асады. "Роскосмос" агенттігі зымыран ұшыруды үш миллиард рубльден көп қаржыға сақтандырғысы келеді. Алайда, осы уақытқа дейін бір де бір сақтандыру компаниясы тендерге қатысуға өтініш бермеген. Өтініш беру мерзімі 30 қазанда аяқталады.

Қазанның 11-і күні Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш станциясына ұшырылған "Союз" зымыран тасығышы әуеге көтерілгеннен бірнеше минуттан соң апатқа ұшыраған. Зымыран тасығышқа тіркелген "Союз МС-10" ғарыш кемесі халықаралық станцияға ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен америкалық астронавт Ник Хейгті жеткізуі тиіс болған. Апаттан соң ғарышкерлер отырған капсула Байқоңырдан шамамен 500 километр қашықтыққа қонған.

"Роскосмос" апатқа зымыранды құрастыру кезіндегі ақау себеп болуы мүмкін деп топшылап отыр. Бұл зымыранды ұшыру 4 миллиард 650 миллион рубльге сақтандырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG