Accessibility links

Түрмедегі диссидентке зат кіргізу қиындады


Арон Едігеев (Атабек), қамаудағы диссидент, азаматтық белсенді
Арон Едігеев (Атабек), қамаудағы диссидент, азаматтық белсенді

Белсенділер ұзақ мерзімге сотталған диссидент Арон Атабекке жылы киім-кешек жібере алмай жүр. Мұны растаған колония басшысы қамау шарты бойынша Атабектің сәлемдеме алуына тыйым салынғанын айтты.

Азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталиннің өткен аптадан бері ұзақ мерзімге сотталған ақын Арон Атабекке жылы киім жібермек болған әрекетінен түк шықпады. Сәлемдемесін колония басшылығы қабылдамаған.

- Павлодардағы кәсіпкер досымыз (есімін атамауын өтінген) біздің өтінішімізбен Аронға түйе жүнінен жасалған белдік, қыстық күртеше, бас киім мен қолғап, спорттық костюм сияқты қажетті киім-кешек алып, жібермек болғанда колония басшылығы кері қайтарыпты. Айтуларынша, Аронға жылына екі рет қана сәлемдеме беруге болады екен, осы жылдағысын алған, енді тек 2019 жылдың ақпан айында сәлемдеме жіберуге болады екен, - деді Серікжан Мәмбеталин Азаттыққа.

Белсенді алдағы ақпанды күтпей-ақ қысы суық Павлодар түрмесінде жатқан Атабекке жылы киім-кешек беріп жіберудің басқа амалын қарастырып жатыр. Оған құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина көмектеспек.

Арон Атабектің түрмедегі бейнесі. 2012 жылғы сурет
Арон Атабектің түрмедегі бейнесі. 2012 жылғы сурет

- Атабекке, оны қамауда ұстау жағдайына байланысты рұқсат етілмейді. Оны тек Қылмыстық атқару жүйесі комитеті арқылы, хат жазып, қарап, рұқсат етсе ғана беріп жіберуге мүмкіндік бар, - деді Бақытжан Төреғожина.

Оппозициялық көзқарасты азаматтық белсенді, әрі шығармашылық өкілі ретінде танылған 65 жастағы Арон Атабек 12 жыл бұрын Алматыдағы бір әлеуметтік қарсылыққа қатысқаны үшін сотталған. Атабек жазасын өтеп жатқан Павлодардағы АП 162/1 мекемесінің бастығы Әділхан Қапышевтің Азаттыққа түсіндіруінше, Атабектің құқығы Қылмыстық-атқару кодексінде көрсетілген.

- Кодекстегі 92-бап 7-ші бөлімінде көрсетілгендей, Арон Атабекке күніне бір жарым сағат серуендеуге, ай сайын біздегі дүкенде екі айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі сомаға қажеттi заттар сатып алуға, таксафонмен сөйлесуге рұқсат бар. Ал кездесу, бандероль мен сәлемдемелерге тыйым салынған, тек хат ала алады, - деді колония бастығы.

Әділхан Қапышевтің сөзінше, Арон Атабекке жылу жіберу аса қажет емес.

- Аса қажет емес, біз қамтамасыз етеміз. Жалпы жағдайы жаман емес, мен аптасына бір рет кіріп шығамын. Ешнәрсеге арызданбайды. Өзге сотталғандар сияқты жағдайда, бірақ камерада жалғыз отырады, бұл өзінің қалауы болды, - деді Әділхан Қапышев.

Павлодар облысы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының жетекшісі Наталья Ковлягина, колонияда берілетін киімнің сапасы жақсы емес екенін айтады.

- Біз қазір сотталғандардың қысқы киімдерін қарап жүрміз. Бірі жаңа күртеше киіп жүрсе, ендігісі ескісін киіп алған. Ал тізім бойынша жаңа түскен сотталушының барлығына жаңа киім берілуі тиіс. Маусым сайын ескілері есептен шығарылып, жаңасы берілуі тиіс, бірақ әркез олай етілмейді. Сапасына келсек, өте нашар, аяқ киімнің де сапасы нашар, тіпті кейбір жағдайда ол аяқ киім қысқы да емес болып шығады. Егер сотталушы үйінен сұратып жатса, онда тұрған не бар, - дейді құқық қорғаушы.

Ковлягинаның сөзінше, қазіргі Қылмыстық атқару кодексінде Атабек сияқты жазасын өтеп жатқандар сәлемдемелерден қағылған.

Арон Атабек Алматыға жаңадан қосылған шағын аудан тұрғындары мен полиция қақтығысып қалған 2006 жылғы «Шаңырақ оқиғасы» кезінде бір полицей қаза тапқан жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін 18 жылға сотталған. Ол жазасын Павлодардағы түрмеде жалғыз кісілік камерада өтеп жатыр. Биыл жазда Арон Атабек жазасының үштен екісін өтеген соң мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығу туралы өтініш білдіру құқығын иеленген. Алайда ол бұрын өзімен жолыққан жергілікті құқық қорғаушыларға биліктен мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды немесе рақымшылық жасауды сұрамайтынын, себебі өзін кінәлі деп санамайтынын мәлімдеген. Қазақстандағы құқық қорғаушылар қауымдастығы оны «саяси тұтқын» деп таныған. 2007 жылы қазанның 5-і күні Алматы қалалық сотының үкімімен диссидент ақын Арон Едігеев (Атабек – әдеби бүркеншік аты) – 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов – 16 жылға, Ерғанат Тараншиев – 15 жылға және Рүстем Тұяқов – 14 жылға түрмеге қамалған. Биыл Рүстем Тұяқов пен Ерғанат Тараншиев бостандыққа шыққан.

Жақтастары Арон Атабектің оппозициялық саяси-азаматтық ұстанымы мен поэзиясын жоғары бағалайды. Түрмеде де жазуын тоқтатпаған оған 2010 жылы «Тұтқындағы шығармашыл жан» номинациясы бойынша «Жазу еркіндігі» халықаралық сыйлығы берілген. Сыйлықты тапсыру рәсіміне түрмеде жатқан ақынның туыстары қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG