Ақтөбеде қарашаның 21-і күні 2018 жылдың мамыр айынан бері еңбекақыларын ала алмай жүрген бір топ мұнайшы Ақтөбе облыстық әкімдігіне барып, наразылық білдірді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қабылдауына кірмек болған мұнайшылардың айтуынша, олар Ақтөбедегі "АСКА Экспо Центр" компаниясында еңбек еткен. Атырау облысының Мұқыр ауылына жақын маңда мұнай өндірген компания мұнай бұрғылаушылар мен олардың көмекшілері - жалпы саны 15 шақты адамға жалақы төлемеген.
- Компания маған 445 мың теңге қарыз. Мамыр айынан бері жалақы алған жоқпын. Ара-тұра 10-15 мың теңгеден аванс ретінде беріп қояды. Қалғанын "әне-міне" деумен келе жатыр. Жыл аяқталуға жақын. Әйелім науқас адам. Отбасымда менен өзге табыс табатын ешкім жоқ, – дейді бұрғылаушы Бейсенбай Медетбаев.
Облыстық әкімдікке жалақыларын даулап келген мұнайшылардың арасында еңбекақысыз жүргендіктен өз еркімен жұмыстан шығып кеткендері де, әлі де үміттеніп, вахталық әдіспен жұмыстарын жалғастырып жатқандары да бар. Олар мамыр айынан бері еңбек инспекциясына да, сотқа да шағым түсіргенін, әзірше еш нәтиже жоғын" айтты.
Наразы топпен кездесуге шыққан Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Оразаевтың айтуынша, инспекция бұл жайттан хабардар және қол қусырып отырған жоқ.
- Еңбек инспекциясына "АСКА Экспо Центр" компаниясының үстінен 15 арыз түсті. Компания өз жұмысшыларына сегіз миллион теңгеден астам берешек. Барлық арыз тіркелді. Біз "АСКА Экспо Центр" компаниясына ұйғарым жолдап, 300 мың теңгеге жуық айыппұл салдық. Ол ұйғарымымыз орындалмаған соң компанияның үстінен әкімшілік сотқа шағымдандық. Әкімшілік сот тағы 200 мың теңге айыппұл салды. Жуырда компанияның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Барлық материал Ақтөбе облыстық полиция департаментіне тапсырылды, - дейді Бауыржан Оразаев.
Еңбек инспекциясы "АСКА Экспо Центр" компаниясынан жалақыларын ала алмай жүрген мұнайшыларға құқықтық қолдау көрсетуге де дайын екенін білдірді. "Егер мұнайшылар компанияны сотқа беретін болса, біз талап-арыз дайындап беруге әзірміз" дейді Бауыржан Оразаев. Наразы топ бүгін облыс басшысымен жолыға алған жоқ. Оларды еңбек инспекциясының басшылары мен облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қабылдап, мәселелерін шешуге көмектесетіндерін айтты.
Азаттық тілшісі жалақы дауына қатысты комментарий алмақ болып "АСКА Экспо Центр" компаниясының басшылығына хабарласқанымен, телефон қоңырауына жауап бермеді.
ПІКІРЛЕР